Астанада тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беру мақсатында «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акция «Jibek joly» сауда-ойын-сауық орталығында Сарыарқа ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен өтті. Орталыққа келген тұрғындар прокуратура қызметкерлеріне тікелей жүгініп, өздерін толғандырған құқықтық сауалдарға жауап алды.
«Астана қаласының Сарайшық ауданы прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, әрбір азаматтың құқықтық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді. «Халық заңгері» республикалық жобасы аясында елорда тұрғындары мен қонақтары түрлі құқықтық мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңес ала алады», – деді Сарайшық ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Әлібек Болатбеков.
«Халық заңгері» жобасы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Жоба мемлекеттік және құқық қорғау органдары өкілдерімен ашық әрі қолжетімді форматта өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.
Жоба іске қосылғалы бері құқықтық көмекке ауданның 300-ден астам тұрғыны жүгінген. Астаналықтар негізінен тұрғын үй заңнамасы, білім беру және өзге де құқықтық мәселелер бойынша кеңес алған.
«Бұл іс-шаралар 2025 жылдан бастап Бас прокуратураның бастамасымен өткізіліп келеді. Бүгін оны үшінші рет ұйымдастырып отырмыз. Мұндай акциялар ай сайын қаланың әр ауданында және республиканың барлық өңірінде өткізіледі.
Біздің есігіміз кез келген адамға ашық. Кез келген азамат өз сауалымен келіп, қажетті құқықтық кеңес ала алады», – деп толықтырды прокуратура өкілі.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету.