Бүгін Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы және AI MONTH 2026 аясында киберқауіпсіздік бойынша халықаралық KazHackStan 2026 конференциясы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Екі күн ішінде конференцияға 7 елден 10 мың адам қатысады. Қазақстандық және шетелдік 100-ден астам сарапшы сөз сөйлейді. Биылғы негізгі тақырып – киберқауіпсіздікке төзімділік.
Конференцияның ашылуында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қазіргі таңда мемлекеттік басқару, экономика және азаматтардың күнделікті өмірі цифрлық жүйелердің тұрақтылығына тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Бүгінде мемлекеттік басқару, экономика және азаматтардың күнделікті өмірі цифрлық жүйелердің тұрақтылығына байланысты. Жасанды интеллект киберқауіптердің ауқымы мен таралу жылдамдығын арттырып отыр. Сондықтан оларға төтеп бере алатын тұрақты жүйелерді қалыптастыру аса маңызды. Қазақстан киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің кешенді жүйесін қалыптастыруда. «Киберқауіпсіздік туралы» заң қабылданды, аса маңызды 400-ден астам цифрлық нысан айқындалды, киберқауіпсіздік бойынша 40-тан астам жедел әрекет ету орталығы жұмыс істейді. Цифрлық инфрақұрылым мен жасанды интеллект неғұрлым жылдам дамыған сайын, олардың қорғалуына қойылатын талаптар да арта түседі. Бүгінде киберқауіпсіздік ұлттық қауіпсіздікке, мемлекеттің және экономиканың тұрақтылығына, сондай-ақ азаматтардың сеніміне тікелей қатысты. Мемлекет, бизнес, ғылыми және кәсіби қауымдастық бірлесіп әрекет етуі қажет», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Қабылданған шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Халықаралық электр байланысы одағының Global Cybersecurity Index индексінде Қазақстан Tier 2 деңгейіне кіреді. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазір Tier 1 деңгейіне өту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жаслан Мәдиев бес негізгі бағытқа назар аударуды ұсынды. Олар: жасанды интеллектті қауіпсіз пайдалану, посткванттық қорғанысқа дайындық, халықаралық техникалық өзара іс-қимыл, кадр даярлау және кибермәдениетті дамыту, отандық шешімдерді дамыту. Сонымен қатар посткванттық криптографияға көшу бойынша ұлттық жол картасын әзірлеуді ұсынды.
Конференцияның алғашқы күнінде азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау, дербес деректердің таралып кетуі, дипфейктер және аса маңызды инфрақұрылымды қорғау мәселелері талқылануда. Негізгі залда «Қазақстанның кибертұрақтылығы: мемлекет, технологиялар және ортақ жауапкершілік» тақырыбында панельдік сессия өтеді. Сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның үздік багхантерлеріне CyberNomad Awards марапаттары табысталады.
Сонымен қатар Government, Cyber Resilience және OSINT & Forensics бағыттары бойынша тақырыптық сессиялар өтуде. Government бағыты аясында Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығының отырысы ұйымдастырылады.
Бүгін практикалық киберқауіпсіздік бойынша CyberKumbez жарысы және Қазақстан құрамасының Италияда өтетін Киберқауіпсіздік бойынша халықаралық ICO 2027 олимпиадасына қатысатын мектеп оқушыларын іріктеу кезеңі де басталды. Финалдық кезеңдер конференцияның екінші күні, ертең өтеді.
30 қыркүйекте конференцияның екінші күні – Secure Development & Hack Day өтеді. Қатысушыларды қазақстандық және халықаралық сарапшылардың техникалық баяндамалары, кибершабуылдар мен олардан қорғану әдістерінің көрсетілімдері, нақты осалдықтар мен киберинциденттерді талдау күтеді.
Қонақтарға арналған көрме аймағында қазақстандық және халықаралық компаниялар киберқауіпсіздік саласындағы өнімдері мен технологияларын таныстырады.