Астанада газ желілеріне қосылу онлайн форматқа көшті

Астанада газ желілеріне қосылу онлайн форматқа көшті
фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенін цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Негізгі бағыттардың бірі – газ желілеріне қосылу рәсімдерін онлайн форматқа көшіру. «QazaqGaz Aimaq» АҚ техникалық шарттарды (ТШ) алу қызметін цифрлық форматқа көшірді. Бүгінде жыл сайын түсетін 120 мың өтінімнің шамамен 80%-ы, яғни 95 мыңға жуығы онлайн режимде өңделеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ – техникалық шарттарды беру қызметін онлайн форматта ұсынатын табиғи монополиялар субъектілерінің алғашқысы. Халық үшін бұл мүмкіндік 2023 жылдан бастап eGov порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді болса, 2025 жылдан бастап заңды тұлғаларға да ұсынылды.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа тұтынушыларға қолайлы болу үшін техникалық шарттарды алу процесі толықтай онлайн форматқа көшірілді.

Техникалық шарттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде беріледі: техникалық жағынан күрделі емес нысандар үшін – 5 күн ішінде, техникалық жағынан күрделі нысандар үшін – 10 күн ішінде.

Келесі кезең – газ тарату желілеріне тікелей қосылу процесін, оның ішінде желіге қосу және газ жіберу жұмыстарын цифрландыру. «QazaqGaz Aimaq» АҚ бұл қызметтерді келесі жылы автоматтандырып, цифрлық форматқа көшіруді жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта желілерге қосылу қызметі Астана қаласында пилоттық режимде онлайн көрсетілуде. 2026 жылдың соңына дейін сервисті Алматы қаласы мен Атырау облысында енгізу жоспарлануда. Бұдан кейін жоба еліміздің барлық өңірлеріне кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.