Астанада цифрлық технологиялар полиция жұмысының тиімділігін арттыруда

Астанада цифрлық технологиялар полиция жұмысының тиімділігін арттыруда
фото: polisia.kz

Астанада цифрлық технологиялар полиция жұмысының тиімділігін арттыруда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Астанада заманауи цифрлық технологиялар полиция қызметінің тиімділігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралдарының біріне айналуда. Бетті тану функциясы бар бейнемониторинг жүйесі іздеуде жүрген азаматтарды, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды, көші-қон заңнамасын бұзушыларды және профилактикалық есепте тұрған өзге де тұлғаларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе бейнекамералардан алынған кескіндерді қолданыстағы деректер базасындағы ақпаратпен автоматты түрде салыстырады. Іздеу тек фотосурет арқылы ғана емес, адамның сыртқы белгілері – жынысы, шамамен жасы, сақал-мұртының болуы, көзілдірік, бетперде немесе бас киім тағуы сияқты ерекшеліктері бойынша да жүргізіледі.

Сонымен қатар технология анықталған адамның бейнебақылау камералары арқылы қозғалыс бағытын бақылауға мүмкіндік береді. Цифрлық шешімнің тиімділігі нақты нәтижелермен де дәлелденіп отыр. Мәселен, бейнемониторинг барысында жүйе 40 жастағы әйелді таныған. Көзбен шолу арқылы жүргізілген тексеру оның жүйе анықтаған адаммен сәйкес келетінін растады. Әйел мемлекетке келтірілген залалды өтеуден жалтарған борышкер ретінде іздеуде болған. Тағы бір жағдайда жүйе соттан жасырынған 34 жастағы ер адамды анықтады. Ақпаратты полиция қызметкерлері жедел тексеріп, жүргізілген іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ер адам ұсталды. Сонымен қатар бейнемониторинг жүйесі ұрлық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы ер адамды анықтаған. Полиция қызметкерлері ақпаратты тексеріп, нәтижесінде күдікті ұсталды.

Осылайша, цифрлық технологиялар адамды анықтаудан бастап тиісті шараларды қабылдауға дейінгі уақытты қысқартып, құқық қорғау органдары жұмысының жеделдігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Астана қаласының полиция департаменті заманауи бейнемониторинг жүйелерін енгізу қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, іздеуде жүрген адамдарды дер кезінде анықтауға және полиция қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.