2026 жылғы 23–27 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұйымдастыруымен Астана қаласындағы Орталық концерт залында «Coupe Mondiale 79» халықаралық байқауы және Халықаралық аккордеонистер конфедерациясы (Confédération Internationale des Accordéonistes, CIA) делегаттарының 156 Конгресі өтеді.Бұл – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды халықаралық музыкалық оқиға, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Coupe Mondiale» – әлемдегі баян және аккордеон өнері саласындағы ең беделді әрі көне байқаулардың бірі. Байқау алғаш рет 1938 жылы өткізілген және бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік орындаушылардың басын қосатын кәсіби алаң ретінде танылған.
Іс-шараға әлемнің 40-қа жуық елінен халықаралық деңгейдегі музыканттар, мәдениет қайраткерлері, сарапшылар мен ресми делегаттар қатысады. Қатысушы мемлекеттердің қатарында Австралия, Аустрия, АҚШ, Бельгия, Болгария, Босния және Герцеговина, Бразилия, Венгрия, Германия, Жаңа Зеландия, Италия, Испания, Қазақстан, Кипр, Қытай, Литва, Молдова Республикасы, Нидерланд, Оңтүстік Корея, Перу, Португалия, Ресей, Румыния, Сербия, Солтүстік Македония Республикасы, Түркия, Ұлыбритания, Франция, Хорватия, Черногория, Чехия, Чили, Швейцария, Швеция және Эстония бар. Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан мемлекеттері алғаш рет аталған беделді халықаралық байқауға қатысады.
Байқау аясында Халықаралық аккордеонистер конфедерациясының басшылығы мен өкілдері Астанаға келеді. Құрметті делегация құрамында CIA президенті Мирко Патарини, вице-президенттері Ли Цонг пен Зорица Каракутовска, бас хатшы Киммо Маттила, бас менеджер Харли Джонс, бас амбассадор Кевин Фридрих, сондай-ақ конфедерация төрағасы Александр Селиванов пен төраға орынбасары Грейсон Мэйсвильд болады.
1935 жылы Парижде құрылған Халықаралық аккордеонистер конфедерациясы ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық музыка кеңесінің мүшесі әрі әлемдік баян және аккордеон өнерін дамытуға бағытталған жетекші ұйымдардың бірі саналады.
Қазақстанның аталған халықаралық жобаны өткізу құқығына ие болуы еліміздің мәдени әлеуетінің жоғары деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Бұл іс-шара Астананың халықаралық мәдени диалог орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып, Қазақстанның әлемдік мәдени кеңістіктегі беделін арттыруға мүмкіндік береді.
2026 жылғы 23 тамызда сағат 16:00-де конференц-залда байқауға қатысушылардың жеребе тарту рәсімі өтеді.
24 тамызда сағат 09:00-де үлкен залда байқаудың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылады. Осы күні сағат 09:00–21:30 аралығында камералық, конференц және репетициялық залдарда байқаудың конкурс тыңдаулары басталады.
25 тамызда сағат 09:00–19:30 аралығында камералық, конференц және репетициялық залдарда конкурс тыңдаулары жалғасады. Сол күні сағат 20:00-де камералық залда 74-ші халықаралық «Coupe Mondiale» байқауының бірінші орын иегері, баяншы Олжас Нұрлановтың концерті өтеді.
26 тамызда сағат 09:00–17:30 аралығында камералық, конференц және репетициялық залдарда конкурс тыңдаулары жалғасады. Кешкі сағат 19:00-де үлкен залда «Saz & Soul» музыкалық ұжымы мен «Samǵa» квартетінің қатысуымен «Танго» концерттік бағдарламасы ұсынылады. Сондай-ақ байқау бағдарламасы аясында әлемге танымал баянисттер мен аккордеоншылардың қатысуымен шығармашылық шеберлік сабақтары (master class) ұйымдастырылады. Ашық форматта өтетін бұл кездесулер жас орындаушылар мен қатысушыларға кәсіби тәжірибе алмасуға, орындаушылық шеберлігін жетілдіруге және халықаралық деңгейдегі музыканттардың тәжірибесімен танысуға мүмкіндік береді.
27 тамызда сағат 09:00–12:45 аралығында камералық залда қорытынды конкурс тыңдаулары өтеді. Сағат 11:00-де брифинг залында баспасөз конференциясы, сағат 16:30-да үлкен залда жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі, ал сағат 19:30-да үлкен залда «Coupe Mondiale 79» халықаралық байқауының жабылу салтанаты өтеді.
«Coupe Mondiale 79» халықаралық байқауы Қазақстан мәдениеті тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болып, халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға және ұлттық өнерді әлемдік деңгейде насихаттауға ықпал етеді.