Астана қаласы полиция департаментінің Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері тұрғындарды қолжетімді шарттармен баспана рәсімдеп беремін деп сендіріп, жүйелі түрде алаяқтық жасаған 35 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тергеу барысында күдікті өзінің қызметін негізінен "сарафанное радио" арқылы таратып, өзін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен льготалық кредиттеу тәртібін жақсы білетін маман ретінде таныстырғаны анықталды. Ол жәбірленушілерге төмен пайызбен пәтер алып беремін деп уәде беріп, алдын ала төлем алған. Алайда алынған қаражатты ол өз қажеттілігіне жұмсап, уәде етілген қызметті көрсетпеген.
Қазіргі таңда күдіктінің алаяқтықтың 20 эпизодына қатыстылығы анықталып отыр. Бір ғана жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын 1,5 миллион теңгені құрайды. Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындады. Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша кез келген төлем тек ресми платформалар арқылы жүзеге асады. Бейтаныс адамдарға ақша аудару немесе алдын ала төлем жасау – алаяқтардың кең тараған тәсілі. Күмәнді жағдайға тап болған тұрғындар дереу "102" нөміріне хабарласуы тиіс.