«Астана» велошабандозы «Реневи Тур» жарысында төртінші орын алды

«Астана» велошабандозы «Реневи Тур» жарысында төртінші орын алды
Фото: ©SprintCycling

XDS Astana Team командасының велошабандозы Майк Тениссен Дүниежүзілік турдың «Реневи Тур» көпкүндігінің соңғы кезеңінде үшінші орын алып, жарыстың жалпы қорытындысында төртінші сатыға көтерілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бельгияның Лёвен қаласында өткен кезең 183,7 шақырымға созылды. Спринтте Alpecin-Premier Tech командасының бельгиялық велошабандозы Йеспер Филипсен жеңіске жетті. Екінші орынды Tudor командасының италиялық спортшысы Лука Моццато иеленсе, Майк Тениссен мәреге үшінші болып жетті.

Жарыстың жалпы есебіндегі төртінші орын — Тениссеннің мансабындағы Дүниежүзілік турдың көпкүндіктеріндегі ең үздік нәтижесі. Ал XDS Astana Team үшін бұл «Реневи Турдағы» 2014 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болды.

— «Реневи Турда» осы аптадағы нәтижемізге көңіліміз толады деп ойлаймын. Мен үшін Дүниежүзілік турдағы көпкүндіктің жалпы есебіндегі ең үздік нәтиже. Сондықтан бұл өте жақсы көрсеткіш, — деді Тениссен.

Велошабандоздың айтуынша, жарыс барысында өзін сәл жайсыз сезінген. Алайда команда оған күшін сақтап, жоғары нәтиже үшін күресуге көмектескен.

— Гамбургтегі екінші орын және бүгінгі төртінші орын бізге жігер береді. Бұл барлық істің дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді. Мен өзімді жоғары деңгейде күресуді жалғастыруға күшім, қалауым және мотивациям бар екенін сеземін. Сондықтан жұмысымызды жалғастыра береміз, — деді Тениссен.