Астана мектептеріне жаңа оқулықтар жеткізілуде

Астана мектептеріне жаңа оқулықтар жеткізілуде
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордада 2026–2027 оқу жылына дайындық аясында  мектептерге жаңа оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жаңа оқу жылында Астана қаласының оқушыларын қажетті оқу әдебиетімен толық қамтамасыз ету мақсатында 14 баспадан 1 млн 200 мыңнан астам дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешен сатып алынды.

Бүгінде сатып алынған барлық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер қалаға толық жеткізілді. Қазіргі таңда оларды елорда мектептеріне тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оқу әдебиеттерін мектептерге жеткізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық білім алушыны қажетті оқулықтармен қамтамасыз етуге басымдық берілуде.

31 тамызға дейін Астана қаласындағы барлық оқушыны оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Осылайша, жаңа оқу жылы қарсаңында елордалық мектептердің оқу әдебиетімен қамтылуын толық қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар аяқталады. Бұл оқушылардың оқу процесін қажетті оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етіп, жаңа оқу жылын ұйымдасқан түрде бастауға мүмкіндік береді.