Елордада салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында ауқымды велошеру өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Велошеру 20 маусым күні өтеді. Ал қатысушыларды онлайн тіркеу 18 маусым күні сағат 09:00-де басталып, 19 маусым күні сағат 18:00-де аяқталады. Тіркелу reg.elordasport.kz сайтында өтеді.
Қатысушылар саны шектеулі – 800 адам. Ал онлайн тіркелуге үлгермеген тұрғындар жарыс күні сағат 07:30-дан бастап іс-шара өтетін жерде тіркеле алады.
Онлайн тіркелген қатысушыларға лотерея билеттері 20 маусым күні сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін іс-шара өтетін жерде беріледі.
Велошерудің басталуы – сағат 09:00. Өтетін орны: «Астана орманы» жасыл белдеуі, Қосшы-Үркер бағыты. Жалпы қашықтығы: 21 шақырым. Қатысу тегін.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының және Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен өткізіледі.