Есірткінің алдын алу жұмыстары аясында кикбоксингтен ашық қалалық турнир өтті

Есірткінің алдын алу жұмыстары аясында кикбоксингтен ашық қалалық турнир өтті
фото: polisia.kz

Елордада полиция жастардың салауатты қызығушылықтарын қалыптастыруға, пайдалы уақыт өткізуін қамтамасыз етуге және белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық, зияткерлік және өзге де жастар бастамаларын қолдауды жалғастыруда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Осындай бағыттардың бірі – спорттық іс-шараларды ұйымдастыру. "Астана – есірткісіз қала!" акциясы аясында "Алатау" спорт сарайында кадеттер, жасөспірімдер мен жастар арасында кикбоксингтен ашық қалалық турнир өтті. Жарысты Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы және Астана қаласы полиция департаменті жанындағы алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі, Астана қаласы кикбоксинг федерациясының президенті Ернар Омаров ұйымдастырды.

Турнирге еліміздің алты өңірінен 120-дан астам спортшы қатысты. Мұндай іс-шаралар жастарға спорттық шеберлігін шыңдап, жарыс тәжірибесін арттырумен қатар, пікірлес адамдармен танысуға, алдына нақты мақсат қойып, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу – тек заңға қайшы әрекеттердің жолын кесумен шектелмейді. Бұл – жастарға салауатты әрі белсенді өмір салтын таңдауға мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастыруды да қамтитын кешенді жұмыс.

Осыған байланысты полиция спорт, шығармашылық, зияткерлік ойындар, волонтерлік және басқа да пайдалы бағыттар төңірегінде жастарды біріктіретін бастамаларды қолдайды. Мұндай тәсіл салауатты өмір салты табиғи таңдау болатын, ал бос уақыт өзін-өзі дамытуға және жаңа жетістіктерге ұмтылуға мүмкіндік беретін ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Астана – есірткісіз қала! Салауатты таңдау пайдалы қызығушылық пен дұрыс ортаны таңдаудан басталады.