Астана – әлемнің сегізінші ғаламаты

Астана – әлемнің сегізінші ғаламаты

Сағымды Сарыарқаның төсінде қоныс тепкен, көрнекті мемлекет қайраткері ақын Кәкімбек Салықов әлемнің сегізінші ғаламатына теңеген елордамыз өзінің туған күнін атап өтуде.

Қараөткел... Ақмола... Целиноград... Астана!

Тарих қойнауынан сыр тартар болсақ, бұл атаулар бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласының бел-белестерінің жай ғана белгілері ғана емес, тағылым алар үлгі-өнегенің де символы деп атауға да болады. Олай дейтініміз, көне Қараөткел қойнауында 1830 жылдың 1 жұлдызында қадасы қағылған елді мекен жарқын келешектерге, ұлы өркендеуге, қарыштап даму жолына жол ашқандай еді. Енді, міне, соның куәгері де болып отырмыз,

 Арқа төсіндегі бүгінгі ел Астанасының өткен тарихы қай кезеңде болсын айы оңынан туып, көтерген көк байрағы биік тұғырда желбіреп тұрғанының куәгеріміз.

1997 жылғы қазан айының 10 жұлдызында Президенттің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының Астанасы» деп, ал 1998 жылдың мамыр айында Ақмоланы Астана деп атау» жөнінде жарлықтары жарияланды.

Тарих шежіресіне айналған осы кезеңнен бастап Астана әлем кеңістігінде жаңа сипатқа ие болған өзінің жаңа бір жасампаз қадамын бастады деп атасақ, еш қателеспеген болар едік.

Облыс орталығының тұр­ғындары Ақмоланың еліміздің астанасы мәртебесіне ие болғанын өте қуанышпен қабылдады. Ақ дастарқан жайылды, ақ тілектер ағылды, ақ түйенің қарны жарылды.

1997 жылғы 10 желтоқсанда Ақмола қаласын Қазақстанның астанасы деп жарияланған жарлық күшіне енді. Иә, содан бері міне, 30 жылға тарта уақыт өтті.

 Осы кезеңде барлық қиыншылықтар, әртүрлі байбалам салған пікірлер артта қалды. Бүгінде елорда аталған Астананың аты ғана емес, заты да танымастай өзгерді деп толық айтуға болады. 2035 жылға дейін даму жоспарына сәйкес күн сайын түлеп, дамылсыз даму үстінде.

Алғашқы жылдары Астананы «XXI ғасыр қаласы» дәрежесіне жеткізу үшін оны дамытудың бас жоспарын дайындайтын шығармашылық топ жасақталды. Оның құрамын ­Б.Досмағамбетов бастаған отандық сәулеткерлер: ­С.Баймағамбетов, С.Рустембеков, Т.Ералиев, Қ.Монтахаев, С.Жүнісов кірді. Олар қаланың бөлігін дамытудың бастапқы жоспарын жасап жүзеге асыруды қолға алды. Бұл құжат 2000 жылға дейін қала аумағында тұрғын үйлерді, басқа да әлеу­меттік нысандар салу үшін пайдаланылды. Алайда 1998 жылы әлемдегі 19 елдің танымал суретшілері мен мамандарының қатысуымен Астананың бас жоспарын жасауға эскиз-­идеялардың халықаралық деңгейдегі конкурсы ұйымдастырылды. Осылардың арасынан белгілі теорияшы және сәулет шебері жапондық Кисе Курокаваның шығармашылық ұжымы жасаған жоба үздік нұсқа ретінде танылды. Осыған орай, 2007 жылы қала құрылысының барысын ғылыми негізде реттеп, жобалаудың жаңа нормативтік базасын, қала салу ісіндегі озық тәжірибелер мен ұсыныс­тарды ұдайы дайындап отыратын «Астананың бас жоспары» ғылыми зерттеу, жобалау инс­титуты құрылды. Астананың бас жоспары бірнеше мәрте қайта жасақталғанына қарамастан бас қаланың әрбір даму кезеңі бір-біріне сабақтасып, шартты түрде бес кезеңге бөлініп жүзеге асырылды.

Астананың сән-сәулетін асқақтатуға көптеген шетелдік, отандық құрылыс компаниялары қатысты. Солардың қатарында Президент резиденциясын үш жылдың ішінде салып пайдалануға берген Германияның «Kruger Erdban Ctyh» компаниясын «БазисА», «Қуат», «ВiCroup, HCHWILL «Джейлан», «Окан», «Ахсел» және басқаларын атауға болады.

 Жоғарыда сәулет өнерінің озық үлгісінің мысалы ретінде Ақорданы атап өттік. Осы отыз жылғы қадам басқан кезеңде елордамызда қаншама сәулет өнерінің үлгілері, халық игілігіне айналып, мақтанышымызды тудыратынын айтар едік. Ата-бабамыздың аманатына адалдығымыздың терең тамырлы салт-дәстүр мен ұрпақ жалғастығының жарқын көрінісі ретінде асқақтап тұрған «Қазақ елі» монументі, Астананың көркейіп, дамып, өсіп-өркендеуіміздің белгісі, болашаққа қадам басқан қадамымыздың айқын көрінісі санатындағы «Тәуелсіздік», «Бейбітшілік және келісім» сарайлары «Бәйтерек», «Отан қорғаушылар монументтері», Президенттік мәдениет орталығы, «Нұр Астана» мешіті, жаңа мешітіміз «Думан» ойын-сауық орталығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, «Жерұйық», «Жетісу» ботаникалық саябақтары, Ұлттық Академиялық кітапхана және басқа да сәулет нысандары, демалыс аймақтары, құрылыс кешендері өткен жылы алғашқы кезегі пайдалануға берілген» «Тарлан Астана» аспалы теміржол елорда көркіне көрік қосып, қанатын кеңге жайып келеді.

Астана сенсің

заман аманаты,

Жасадың сан биікке

жаңа саты.

Өзіңсің ерке Есіл аялаған,

Әлемнің сегізінші

ғаламаты,– деп ақын Кәкімбек Салықов жыр жолдарын арнаған Арқа төсіндегі аяулы да асқақ қала ұлтымыздың ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астананың төрткүл дүниені тамсандырған тарихи құбылысқа айналғанын мақтанышпен айтуымызға болады.

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,

 Қазақстан Журналис­тері одағының, қалалық Ардагерлер медиатобының мүшесі