Денсаулық – адамның ең қымбат байлығы. Ал сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек – сол байлықты сақтаудың басты кепілі. Астана қаласындағы №11 қалалық емханасы тұрғындарға Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында кешенді медициналық қызмет көрсетіп келеді. Емхана Астана қаласы, Абылай хан даңғылы, 30 мекенжайында орналасқан және тіркелген халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмекті учаскелік қағидат бойынша ұсынады. Мұнда тұрғындардың денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу, ерте анықтау, тиімді ем жүргізу және созылмалы сырқаттары бар науқастарды тұрақты бақылау басты міндеттердің бірі саналады.
Аурудың алдын алу - денсаулық кепілі
Қазіргі медицина тек ауруды емдеумен ғана шектелмейді. Оның ең маңызды бағыты - профилактика. Сондықтан емханада салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, вакцинация және созылмалы аурулардың профилактикасы бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, көптеген аурулардың алдын уақытылы тексерілу, скринингтен өту және дәрігер кеңесін орындау арқылы алуға болады.
Пациент құқығы - басты назарда
№11 қалалық емханасында Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі жұмыс істейді. Бұл қызмет ем көрсетудің сапасын бақылап қана қоймай, пациенттердің құқықтарының сақталуына ерекше көңіл бөледі. Егер тұрғын медициналық қызметке қатысты сұрақ туындаса, ұсыныс айтқысы келсе немесе түсініспеушілік орын алса, осы қызметке жүгіне алады.
Қызмет мамандары:
* азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын қарайды;
* медициналық көмектің сапасына ішкі сараптама жүргізеді;
* пациент пен медицина қызметкерлері арасындағы даулы мәселелерді шешуге ықпал етеді;
* медициналық стандарттардың сақталуын бақылайды;
* көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігіне талдау жүргізеді;
* тұрғындарға ТМККК және МӘМС жүйелері бойынша кеңес береді.
Мұндай жұмыс емхана мен пациент арасындағы өзара сенімді арттырып, көрсетілетін қызмет сапасын үнемі жақсартуға мүмкіндік береді.
ТККК аясында қандай қызметтер тегін көрсетіледі?
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы ТМККК аясында бірқатар маңызды медициналық қызметтерді пайдалана алады. Олардың қатарында:
* алғашқы медициналық-санитариялық көмек;
* шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек;
* әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау және емдеу;
* айналадағыларға қауіп төндіретін ауруларды анықтау және емдеу;
* Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес профилактикалық вакцинация;
* жедел медициналық жәрдем;
* паллиативтік медициналық көмек;
* ТМККК тізбесіне енгізілген созылмалы ауруларды бақылау және емдеу бар.
МӘМС жүйесі қандай мүмкіндік береді?
Егер азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылған болса, ол медициналық көмектің кеңейтілген пакетін пайдалана алады.
Оған:
* жалпы практика дәрігері мен бейінді мамандардың консультациясы;
* зертханалық талдаулар;
* ультрадыбыстық зерттеу;
* функционалдық диагностика;
* рентгенологиялық зерттеулер;
* медициналық көрсетілім болған жағдайда компьютерлік және магниттік-резонанстық томография;
* күндізгі стационарда ем қабылдау;
* мамандандырылған медициналық көмек;
* медициналық оңалту;
* диспансерлік бақылау;
* профилактикалық тексерулер мен скринингтер;
* жоспарлы ауруханаға жатқызуға жолдама рәсімдеу кіреді.
Емханаға тіркелудің артықшылықтары
Емханаға тіркелген әрбір тұрғын тұрақты медициналық қолдауға ие болады.
Бұл:
* жеке учаскелік дәрігердің тұрақты бақылауы;
* денсаулық жағдайын кешенді бақылау;
* профилактикалық тексерулерден уақытылы өту;
* қажет болған жағдайда бейінді мамандарға жолдама алу;
* медициналық көрсетілім бойынша диагностикалық зерттеулерден өту;
* медициналық құжаттарды рәсімдеу;
* аурулардың алдын алу және салауатты өмір салты бойынша кеңес алу мүмкіндігін береді.
Сапалы медицина - үздіксіз даму нәтижесі
№11 қалалық емханасы медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Заманауи диагностика мен емдеу тәсілдері енгізіліп, медицина қызметкерлерінің біліктілігі жүйелі түрде жетілдірілуде. Сонымен қатар ішкі сапа бақылау жүйесі күшейтіліп, көрсетілетін қызметтердің тиімділігі тұрақты бағаланады.
Емхананың басты мақсаты - әрбір пациентке қауіпсіз, қолжетімді, уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсету.
Денсаулықты күту - ауру пайда болғанда ғана емес, күнделікті өмірде басталатын жауапкершілік. Ал уақытылы тексеріліп, профилактикалық шараларға белсенді қатысу – ұзақ әрі сапалы өмірдің негізі.
Қайрат Мұратұлы,
Сарапшы дәрігер