Астанамыз күн санап көркейіп келеді. Аулаларды жаңалап, балалардың ойын алаңдарын абаттандыруды қолға алған Астана қаласы әкімдігіне, аудан басшыларына алғысымыз шексіз. Қаланың қарыштап дамуына, өз ауласының жаңаруына, гүлденуіне тұрғындар тікелей араласты.
– «Алтын шар» тұрғын үй кешенінен пәтерімді 2019 жылы сатып алған едім. 2022 жылдың ақпан айынан бастап есік алдындағы аумақтың адам сенгісіз тарлығы жаныма батты. Көпшілік сияқты үнсіз отыра бермей, мәселенің заңды жағын анықтауды қолға алдым. Біз тұрған жер Есіл ауданына қарайтындықтан, сол жерге барып мән-жайды білдім. Кейін Нұра аудандық прокуратурасына арыз жазып, одан соң қалалық және республикалық прокуратураларға бірнеше рет хат жолдадым. Нәтижесінде үйіміздің ауласы қолданыстағы құрылыс талабына да, тұрғындардың қауіпсіздігіне де сай келмейтінін дәлелдейтін нақты деректер жиналды. Барлық фото, есептеу, нормативтік құжаттарды қоса тіркеп, тиісті мекемелерге жолдадым. Осы жерде «Алтын шардағы» 6 тұрғын мен Зәмзәгүл Хамзина белсенді түрде көмек көрсетті, – деді қала тұрғыны Айгүл Әшекова.
Міне, тұрғындар тілегі қабыл болып, жергілікті билік қолдау танытты. Астана күнінде «Алтын шар» тұрғын үй кешенінің алдында жаңа аллея ашылып, Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков құттықтау сөзін сөйлеп, жергілікті тұрғындарға алғысын білдірді. Қаламыздың дамуына қосқан үлесі үшін тұрғындар да өз алғысын жеткізді.
Оспан қажы СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,
қоғам қайраткері,
ағартушы-ұстаз