Алғысқа бөленген жан

Алғысқа бөленген жан

Ақ халат кию – мамандық таңдау ғана емес, үлкен жауапкершілікті мойынға алу. Бұл жолды саналы түрде таңдағандардың бірі – елордалық дәрігер, балалар эндокринологы, дәрігер-резидент Жанна Мұхит. Оның дәрігерлік жолы адамдарға пайдалы болуға деген шынайы ниеттен басталған.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде Жанна болашақ мамандығы туралы ойлана келе, өзін ең қажет сезінетін сала медицина екенін түсінеді. Кейін бұл таңдауы өміріндегі жеке тәжірибемен де байланыса түскен.

– Маған көмектескен балалар эндокринологы есімде ерекше жатталып қалды. Кәсібилігімен қатар адамгершілігі де ерекше әсер етіп, дәрігерлік жолды таңдауыма себеп болды. Сол кезде болашақта дәл сондай дәрігер боламын деп өз-өзіме сөз бердім, – дейді ол.

Бүгінде елордалық жас маман UMC-нің «Ана мен бала» орталығында еңбек етеді. Оның күнделікті жұмысы таңғы жоспарлаудан басталып, нау­қастарды қарау, ем тағайындау және олардың жағдайын бақылаумен жалғасады. Бірақ ол дәрігер еңбегінің басты құндылығы емдеуде ғана емес деп есептейді.

– Пациенттер көбіне дәріден бұрын қолдау іздейді. Адам өзін түсінетін, жанашырлық танытатын маманды көргісі келеді. Кейде жылы сөздің өзі үлкен күш береді, – дейді дәрігер.

Әріптестері арасында жа­уапкершілігімен ерекшеленетін Жанна өз жетістігін марапаттармен емес, пациенттердің нәтижесімен өлшейді. Оның айтуынша, емделушінің ауруын түсініп, дұрыс еммен үйіне оралуы – дәрігер үшін ең үлкен ­қуаныш.

Оның есінде ерекше сақ­талған оқиғаның бірі жақында болған. Ұзақ уақыт бойы түрлі маманға қаралған қыз баланың емінде маңызды мәселе назардан тыс қалған. Бөлімше дәрігерлері жағдайды қайта қарап, гормондық терапия бастау керек екенін түсінеді. Содан кейін көп ұзамай науқастың жағдайы жақсара бастайды. Алайда жас дәрігер үшін бұл оқиғаның ең әсерлі тұсы – медициналық нәтиже емес, анасының алғысы.

– Оның қуаныштан көзіне жас алғанын ұмыта алмаймын. Осындай сәттерде еңбегімнің бекер емес екенін түсінемін, – дейді ол.

Жанна Қуанышқызы Медицина қызметкері күні қарсаңында әріптестеріне әр күннен ­қуаныш тауып, пациенттердің сауығуынан шабыт алуды тілейді. Өйткені елордалық дәрігер үшін ең үлкен жетістік – емделушінің сауығып, өмірге үмітпен қайта қарауы.

Ақмаржан АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті