Алауыздықты уақытша доғаруға болады

Алауыздықты уақытша доғаруға болады
фото: Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Владимир ­Путиннің шақыруымен 25 шілде күні ХХІІ Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбы қаласына сапармен барды. Сапар аясында мемлекеттер басшылары кездесті.

Ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойды

Қазақстан Президенті соғыс ардагерлеріне арналған Омбы госпиталі ғимаратының қасбетіндегі Кемел Тоқаевтың ескерткіш тақтасына гүл шоғын қойып, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етті. Медицина мекемесінде 1941 жылғы шілдеден бастап соғыста жараланған 150 мыңға жуық жауынгер емделген. Олардың арасында Мемлекет басшысының әкесі Кемел Тоқаев та болды. Ол бұл жерде 1945 жылдың ақпанынан маусым айы­на дейін ем алған. Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев майдангерлерге арналған Омбы госпиталінің құрылу тарихымен және қызметімен танысты.

Қақтығысты реттеуге ұстанымын жеткізді

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелерді талқылады. Мемлекет басшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты өз ұстанымын жеткізді.

«Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляс­кадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады. Қазақстан бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алайда қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мәселені делдалсыз-ақ шеше алады. Осыған өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Себебі адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, Сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент сөзін қорыта келе, еліміз Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейіл екенін растады.

«Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасындағы ұстанымына келер болсақ, біз Ресейді әрдайым ұлы мемлекет деп санаймыз. Бұған еш күмәніңіз болмасын. Мен бұл туралы барлық халықаралық форумдарда айтып жүрмін. Біз қанша қиын болса да, Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейілміз. Бұл форум – соның айғағы» деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ресей Президенті Омбыда Қасым-Жомарт Тоқаев­пен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізіп, Өңіраралық форум екіжақты қарым-қатынастың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Елдеріміздің ынтымақтас­тығы табысты дамып келеді. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде стратегиялық сипатқа ие болды. Оны ұдайы өсіп келе жатқан тауар айналымының деңгейінен аңғаруға болады. Өткен жылы екіжақты сауда-саттық шамамен 28 мил­лиард долларды құрады, ал биылғы бес айда, біздің статистикалық мәліметімізге сәйкес, тағы да 4 пайыздан аса өсті. Бұл қарқынды динамика келешегіміз жарқын екенін көрсетеді. Сонымен қатар оған инвестиция да ықпал етеді. Өйт­кені инвестиция алдағы күнге жағдай жасап, көрсеткіштерді айқындайды. Бұл ретте де ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз аз емес. Себебі Ресей кәсіпорындарының, ресейлік бизнесмендердің қатысуымен жалпы инвестиция көлемі 30 миллиард доллар болатын 70 жоба іске асырылып жатыр. Ресей – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы. Әріптестігіміз әртүрлі бағытта өрбіп келеді. Мәселен, металлургия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, фармацевтика секілді басқа да салалар қамтылған» деді Владимир Путин.

Владимир Путин екі ел халықаралық аренада және өңірлік ұйымдар аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қойғанына назар аударды. Биыл Ресей ҰҚШҰ-ға, ал Қазақстан ЕАЭО-ға төрағалық етеді. Сонымен қатар Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің тарихи тамырластығы туралы сөз қозғады.

«Сіздің госпитальге арнайы барғаныңызды білемін. Омбы Сіз үшін Ресейдің қатардағы қаласы емес. Бұл жерде Сіздің әкеңіз 1945 жылы қыста ауыр жарақаттан кейін ем-дом алған. Біз Ұлы Отан соғысы мен халқымыздың нацизмді жеңуге қосқан үлесін әрдайым есте сақтаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізбен жүздескенімізге қуаныштымыз» деді Ресей Президенті.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-­экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ғарыш, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.

Ықпалдастық арта береді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Омбы қаласында өткен XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қатысты. Биылғы басқосу «Жаһандық логистика экожү­йесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналды. Мемлекет басшысы, ең алдымен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, соның ішінде әкесі Кемел Тоқаев туралы естеліктерді көздің қарашығындай сақтағаны үшін Ресей Президенті мен Омбы облысының басшылығына ризашылығын білдірді. Майдангер Кемел Тоқаев Екінші Беларусь майданының құрамында жүріп, Польша жерінде алған ауыр жарақатынан кейін осы қалада емделген еді.

Мемлекет басшысы өңірлердің іс жүзіндегі ықпалдастығы екіжақты күн тәртібінің мазмұнын байытып, Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының қарқынды дамуына тың серпін беріп отыр­ғанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда мемлекетте­ріміздің қарым-қатынасы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Ол – мемлекеттер басшыларының, үкімет жетекшілері мен жергілікті билік басшыларының, сондай-ақ екі ел парламенттерінің ортақ күш-жігерінің нәтижесі. Менің былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым мен Президент Владимир Путиннің биыл мамыр айындағы елімізге мемлекеттік сапары бұл тұрғыда тарихи мәнге ие. Қос сапардың қорытындысы бойынша қол қойылған Мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация, сондай-ақ Достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме елдеріміздің алдағы ондаған жылдардағы жасампаз ынтымақтастығы мен өсіп-өркендеуіне берік негіз қалады. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы барлық бағытта нығайып келе жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 28 миллиард долларға жуықтады. Ортақ күш-жігердің арқасында бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді: биылғы бес айда өзара сауда-саттық көлемі былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жуық артты» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Инвестициялық серіктес

Мемлекет басшысы Ресей Қазақстанның басты инвестициялық серіктестерінің бірі ретінде соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 30 миллиард доллардан астам қаржы салғанына тоқталды.

«Бұл салада оң қарқын байқалады: биылғы бірінші тоқсанда Ресейден келген инвестиция ағыны 45 пайызға ұлғайды. Яғни бес айдағы көлемі 773 миллион долларды құрады. Көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастық нәтижесінде қазір Қазақстан экономикасының түрлі саласында ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар Ресейдегі қазақстандық бизнестің позициясы нығайып келеді. Ресей экономикасына құйылған қаржымыз 9 миллиард доллардан асты. Экономикалық күн тәртібінде өнеркәсіп саласындағы серіктестіктің алар орны ерекше. Елдеріміз 177 ірі жобадан тұратын тізім жасақтады. Инвестицияның жалпы көлемі 52 миллиард доллардан асады. Оның 122-сі іске асырылып, 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылды» деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының па­йымдауынша, форум тақырыбы қазіргі халықаралық жағдай тұрғысынан ерекше өзекті. Оның пікірінше, әлемдегі ең ұзын әрі тұтас құрлық шекарасымен тү­йіскен Қазақстан мен Ресейге Еуразиядағы көлік-логистика жүйесінің дамуында жетекші рөл атқаруды тағдырдың өзі бұйыртып отыр.

«Бұл – қазіргі өте күрделі геосая­си жағдайда елдеріміз­дің жаһандық бәсекедегі артық­шылығын айқындайтын бас­ты фактор. Өткен жылы елдеріміз арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау 3,5 пайызға артып, 92 миллион тоннаны құрады. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы транзит тасымалы жандана түсті. Тек соңғы бес жылда Қытай – Ресей – Қытай бағыты бойынша Қазақстан территориясынан өткен контейнерлік тасымалдың көлемі сегіз есе артты» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Солтүстік – Оңтүстік дәлізін дамытуға айрықша мән беріліп отырғанына назар аударды. Былтыр бұл тараптағы жүк тасымалы едәуір өскен. Тағы бір маңызды бағыт – Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ақтөбе – Ұлғайсын жолындағы реконструкция дәліздің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.

«Қолданыстағы цифрлық платформалар базасында «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосуды ұсынамын. Себебі бұл – көлік нөпірі көп бағыттардың бірі. Екі елдің көлік-логистика жүйесін цифрлық тұрғыда тиімді интеграциялау және жаңа технологияларды кеңінен қолдану бізге өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтып, көлік ағынын арттыруға және жан-жақты экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Биыл мамыр айында Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүргізушісіз жүк көліктері алғаш рет екі ел екі ортасында қатынады. Мұны айтулы уақиға деуге болады. Осынау сәтті тәжірибе Қазақстан мен Ресейдің көлік саласындағы серіктестігі жаңа технологиялық деңгейге шыққанын көрсетті» деді Мемлекет басшысы.

Өңірлер де үлес қосады

Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміздің көлік-логистика байланысын нығайтудың шекара маңындағы аймақтар үшін ма­ңызы зор деп санайды.

«Шекара маңындағы өңірлерде «500+» шартты атауымен әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу ұсынылады. Бастамаға сәйкес, Астана мен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас әрі халық саны 500 мыңнан асатын қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашу көзделген. Бұл бағдарламаның іске асуы өз кезегінде екі елге де туристердің көптеп келуіне қолайлы жағдай жасайды. Бұдан бөлек, бірлес­кен трансшекаралық туристік бағыттар ашу да тиімді деп есептеймін. Ол үшін елдеріміздің туризм индустриясы өкілдерінің арасындағы ықпалдастықты жандандырған жөн. Айтпақшы, Қазақстанға демалуға және көрікті жерлерді тамашалауға келетін туристердің саны жағынан Ресей қазір бірінші орында тұр. Екінші орында – Қытай, үшінші – Үндістан, төртінші – Түркия. Туризмді қарқынды дамытуға мүмкіндігіміз жеткілікті. Атап айтқанда, еліміз географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Алуан түрлі табиғи ландшафт, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз да көпшілікті қызықтырады. Ең бастысы, Ресей туристері үшін Қазақстанда тіл және менталдық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ. Мәдениетіміз бен тарихымыз ортақ. Шекара маңындағы туризмді дамыту экономика қарқынын арттырып қана қоймайды. Бұл – арадағы сенімді нығайтып, тату көршілік қатынастардың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға салынған инвестиция. Екіжақты байланысымыздың қаншалықты мықты екені осыдан көрінеді. Әрі бұл бірге өсіп-өркендеуімізге тың серпін береді» деді Президент.

Өз кезегінде Ресей Президенті Ресей мен Қазақстан серіктестігін ілгерілетуге өңірлердің қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, аймақ басшылары мен бизнестің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде сауда-саттық жанданып, өзара инвестиция ағыны ұлғайып келеді.