Алаяқтықтан сақтану жолдарын түсіндірді

Алаяқтықтан сақтану жолдарын түсіндірді
фото: видеоскрин

Астана қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері үшін ақпараттық-түсіндіру дәрісін өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесу барысында қатысушыларға қаржылық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері және алаяқтықтың кең таралған схемалары түсіндірілді. Қылмыстық жолмен алынған ақшаны аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банктік шоттар мен карталарды пайдалану тақырыбына ерекше назар аударылды.

Департамент қызметкерлері банк карталарын, деректемелерді және шоттарға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беруге байланысты тәуекелдер туралы айтып берді, сондай-ақ осындай схемаларға қатысқаны үшін жауапкершілік туралы ескертті. Қатысушылар қаржы пирамидаларын ажырату тәсілдерін бөлек талқылады. Спикерлер күмәнді инвестициялық жобалардың негізгі белгілерін, соның ішінде кепілдендірілген жоғары кірістілік мәселесін, төлемдердің негізгі көзі ретінде жаңа қатысушыларды тартуды және әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы оларды белсенді дамыту туралы түсіндірді.

Тағы бір маңызды тақырып фейктер, яғни ЖИ технологиясымен жасалған жалған бейнелер мен аудио материалдартуралы болды. Қатысушыларға алаяқтар азаматтарды адастыру, ақша қаражаттарын бопсалау және жалған ақпарат тарату үшін осындай технологияларды қалай қолданатындығы айтылды. Соңында департамент қызметкерлері аудан әкімі аппаратының қызметкерлерін қаржылық алаяқтардан сақ болуға, интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарауға және банк шоттарының, карталардың және электрондық сервистердің деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды. "Мұндай профилактикалық іс-шараларды өткізу халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға және цифрлық ортада жауапты мінез-құлық қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған", деп атап өтті департамент өкілдері.