Әкімшілік әділетке – 5 жыл

Әкімшілік әділетке – 5 жыл

Қазақстан Республикасында әкімшілік әділеттің қалыптасуы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) қолданысқа енгізілуімен тікелей байланысты. Әкімшілік сот ісін жүргізу мамандандырылған әкімшілік соттар мен жоғары тұрған сот сатыларындағы тиісті сот алқаларының базасында жүзеге асырылады.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (ӘАСА) алғашқы құрамына азаматтық, оның ішінде экономикалық дауларды қарауда мол тәжірибесі бар судьялар енді: Байгелов Мейірбек Қабылұлы, Қасымов Мақсат Аманбекұлы, Кудекова Ләззат Серікқызы. Қаралатын істер санының артуына байланысты ӘАСА құрамы кеңейтіліп, кейіннен оның қатарына тәжірибелі судьялар Нұралиев Ерлан Мырзаханұлы, Жолдыбаев Сабит Жексенғалиұлы, Айнақұлова Роза Мұхамедкәрімқызы қосылды.

Сонымен қатар сот жүйесінде мол тәжірибесі бар облыстық және оларға теңестірілген соттардың бұрынғы төрағалары Айтжанов Ерлан Жұмаханұлы, Мырзақарим Рүстем Мырзақаримұлы, Мұсабекұлы Жандос ӘАСА құрамын толықтырды.

ӘАСА жұмысына ерекше үлес қосқан судьялық тәжірибесі жоқ, бірақ жер заңнамасының білікті маманы Нұршанов Тимур Болатұлы болды. Оның арқасында судьялар нақты істерді қарау барысында жағдайды процестің екінші жағындағы тұлғалардың көзқарасы тұрғысынан бағалауға мүмкіндік алды. Судьялық қызмет тәжірибесі болмаса да, әртүрлі салалардағы бай еңбек жолы мен оқиғаларға өзгеше көзқарасы күнделікті жұмыста оң нәтижесін берді.

Әрине, алғашқы жылдар тек жаңа іс жүргізу жағдайында процессуалдық нормаларды қолдану тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге жылдар бойы қалыптасқан сот тәжірибесін қайта қарау тұрғысынан да күрделі болды. Даудағы әлсіз тараптың құқықтары мен мүдделерін қорғап қана қоймай, мемлекеттік басқару органдарының жұмыс тәсілдерін өзгертуге, оларды әрбір азамат пен бизнеске бағыттауға ықпал ететін жаңа тәжірибе қалыптасты.

Дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтау, әкімшілік акт қабылданар алдында тыңдау рәсімін өткізу, өтініштер мен шағымдарды қараудың заңда белгіленген тәртібін қатаң сақтау сияқты әкімшілік рәсімдердің енгізілуі әкімшілік органдардың жұмысын айтарлықтай жақсартты. Тыңдау рәсімі мен тексерулерді өткізу мерзімдері формалдылықтан арылып, құқықтарды шектейтін актілердің негіздемесі неғұрлым нақты әрі дәлелді бола түсті.

Қазақстан Республикасындағы 2025 жылғы сот реформасы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудың жаңа моделін енгізді.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты (ӘІКС) дербес сот сатысы ретінде жұмысын бастады.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамы бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда мол тәжірибе жинақтаған судьялардан жасақталды. Сонымен қатар, әкімшілік әділет құрылған кезден бастап облыстық және оларға теңестірілген соттардың әкімшілік істер жөніндегі сот алқаларын басқарған судьялар да ӘІКС құрамына тағайындалды: Әбдуғалиев Дамир Әбдуғалиұлы, Қайырбаева Лаура Еркінқызы, Туғанбаев Мұрат Амангелдіұлы, Төлеев Ербол Бұратұлы, Нұралиева Найля Ергельдіқызы, Нұрлыбаева Динара Ничаевна, Оспанова Жанат Ануарқызы.

Судьялардың мамандануы істерді қарау сапасын арттырудың негізгі факторларының біріне айналды. Бұл жария құқықтың жекелеген салаларында кәсіби құзыреттілікті шоғырландыруға және жоғары деңгейдегі кәсібилікті қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Жаңа модельде кассациялық сот сот актілерін қайта қарау қызметін ғана емес, сонымен қатар әкімшілік даулар бойынша құқықтық ұстанымдарды қалыптастыратын орталық рөлін де атқарады. Бұл ұстанымдар төмен тұрған соттар мен мемлекеттік органдар үшін маңызды бағдарға айналады.

Реформаға дейін кассациялық шағымдар апелляциялық сатыдағы сот арқылы берілсе, қазір олар тікелей Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотқа жолданады. Бұл бюрократиялық кедергілерді азайтып, азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуін жеделдетеді.

Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөліне және талап қоюшының құқықтарының басымдығына негізделген. Заңнамадағы барлық түсініксіздіктер мен қайшылықтар азаматтар мен бизнестің пайдасына түсіндіріледі.

Соттың белсенді рөлі оның істің барлық мән-жайларын дербес, жан-жақты және объективті зерттеуінен көрінеді. Қажет болған жағдайда сот қосымша дәлелдемелерді талап етеді.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың қызметі тұрақты сот тәжірибесін қалыптастыруға, заң талаптарының сақталуын тексеруге және әкімшілік сот ісін жүргізудің негізгі қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталған. Олардың қатарында: соттың белсенді рөлі, заңдылық, әділдік, құқықтардың басымдығы, мөлшерлестік, сенім құқығын қорғау және шынайылық презумпциясы бар.

Тәжірибе жинақталып, қорытындыланған сайын тұрақты әрі болжамды сот практикасы қалыптасады. Кассациялық сот сондай-ақ даулардың туындау себептерін мониторингтеу жүйесін енгізіп, нормативтік құқықтық актілердегі немесе әкімшілік органдар жұмысының әдістеріндегі жүйелі мәселелерді анықтау арқылы болашақта құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын қабылдайды.

Сот қызметі ашықтық пен қолжетімділік қағидаттарына негізделген. Ресми интернет-ресурстарда жаңалықтар, рәсімдерге қатысты түсіндірмелер, талдамалық материалдар және жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар тұрақты түрде жарияланып отырады.

Әлеуметтік желілер кері байланыс алаңына айналып, азаматтарға сұрақ қойып, түсіндірме сипатындағы жауаптар алуға мүмкіндік береді.

Құқық қолдану тәжірибесіндегі проблемалық мәселелерді зерттеуге ерекше көңіл бөлінеді. Әкімшілік істерді қарау кезінде жергілікті соттар жіберетін қателіктер жан-жақты талданады. Өткізілетін оқу семинарлары жергілікті сот судьяларының біліктілігін арттырып, бірыңғай құқықтық тәсілдерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Ләззат Кудекова, 

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот судьясы