Астанада қар тазалау жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатыр. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Күн сайын мыңдаған текше метр қар қала аумағынан шығарылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
7 қарашаға қараған түні коммуналдық қызметтер арнайы полигондарға 1 073 рейспен 13 310 текше метр қар шығарды.
7 қарашаның таңынан бастап қар тазалау жұмысына 2 844 жол жұмысшысы мен 1 337 арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс маусымы басталғалы бері елордадан 26 мың текше метрден астам қар, яғни 2 122 жүк көлігі көлеміндегі қар шығарылды.
Қар күреу жұмысында алдымен қаланың негізгі көшелері мен қоғамдық көлік маршруттары жүретін жолдарға назар аударылады. Осыдан кейін орташа қозғалыс аймақтарында – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жүргізіледі.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарында барынша мұқият болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады.