Елордалық мәслихат депутаттары күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған Астана қаласы ТЖД-ға қарасты №16 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сапар барысында жаңартылған қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, техникалық жарақтандырылуы, сондай-ақ қызметкерлердің демалысы мен дене дайындығына арналған жағдайлар қаралды.
Өрт сөндіру бөлімінде барлық бөлмелер, жиһаздар мен техникалық құралдар толық жаңартылды. Қызметкерлер үшін спорт залы, таза ауада тамақтануға арналған орын, психологиялық дайындық жолағы және оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге арналған кешен жабдықталды.
Сондай-ақ өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан бөлім қызметкері Руслан Какишевтің рухына тағзым етілді. Бөлім аумағында оның құрметіне ескерткіш орнатылып, бөлімге батырдың есімі берілді.
Өрт сөндірушілердің қызмет атқаруына лайықты жағдай жасау — маңызды міндет. Себебі олар күн сайын елордалықтардың қауіпсіздігі мен өмірін қорғап, кез келген күрделі жағдайда ерлік, кәсібилік және көмекке дайындық танытады.