Музейдегі Мұстафа мұрасы

Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қабырғасында «Мария Шоқай: махаббат пен адалдық тарихы» атты көрме өтуде. Аталған мәдени-тарихи жоба ХХ ғасырдың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың туғанына 135 жыл толуына арналған.
Көрме аясында Мария Шоқайдың естеліктері негізінде жазылған «Менің Мұстафам» атты деректік еңбектің тұсаукесері өтті. Бұл кітап – эмиграцияда өткен күрделі ғұмырды, ұлт азаттығы жолындағы күресті тек саяси қайраткер көзімен емес, оның өмірлік серігі, тағдырлас жары Мария Шоқайдың жанды куәгерлік баяндауы арқылы танытатын бірегей еңбек.
Кітаптың жаңартылған нұсқасы бұрын жарияланбаған архивтік құжаттармен, жеке хаттармен, сирек фотосуреттермен толықтырылған. Еңбектің екінші бөлімінде Мария Шоқайдың 1961-1969 жылдары түркістандық тұтқын Әлім Алматқа жазған хаттары беріліп, эмиграциядағы рухани күрес пен тарихи жадыны сақтау жолындағы жанкешті еңбегі айқын ашылады. Еңбекте Мұстафа Шоқайдың саяси қызметімен қатар, оның адами болмысы, отбасылық өмірі, күнделікті тұрмысы мен рухани ұстанымдары Мария Шоқайдың тікелей куәгерлігі арқылы жан-жақты сипатталады.
Экспозицияда Мария Шоқай ұзақ жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтаған 50-ден астам түпнұсқа фотосурет ұсынылған. Бұл жәдігерлер арқылы Мұстафа мен Мария Шоқайлардың өмір жолы, рухани байланысы, эмиграциядағы ауыр тұрмысы мен сертке берік серіктестігі айқын көрініс табады.
Фотосуреттердің бір бөлігі Ұлттық музей қорына сыйға тартылмақ. Сонымен қатар көрмеде ерлі-зайыптылардың ортақ достары мен замандастарына қатысты тың архивтік деректер де қамтылған. Бұл материалдар ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы күрделі тарихи-саяси үдерістерді кең аяда пайымдауға мүмкіндік береді.
Ал «Мария Шоқай: махаббат пен адалдық тарихы» көрмесінің басты мақсаты – Мұстафа Шоқайдың ұлт-азаттық жолындағы күресін оның өмірлік серігі Мария Шоқайдың рухани беріктігі, адалдығы мен тарихи жадты сақтаудағы еңбегі арқылы кешенді түрде таныту. Экспозицияда Мария Шоқай бейнесі тек тарихи тұлғаның жары ретінде емес, эмиграция жағдайындағы идеялық серіктес, рухани тірек, тарихи мұраны сақтаушы тұлға ретінде ашылып көрсетіледі.
Сонымен бірге көрме адалдық пен жанқиярлықтың, сертке беріктік пен адамгершіліктің адамзат тарихындағы сирек кездесетін биік үлгісін дәріптеуді көздейді. Аталған көрме бір ай бойы музейдің «Қазақстан тарихы» залында жалғасады.



