Мүгедектігі бар жандарға арналған ашық есік күні өтті

Астана қаласының прокуратурасы елорда әкімдігімен бірлесіп «Қамқорлық пен Заң» жобасы аясында мүгедектігі бар азаматтар үшін Ашық есік күнін өткізді. Іс-шара мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік қолдау тетіктерін түсіндіру және мемлекеттік органдармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ашық есік күніне қалалық денсаулық сақтау басқармасы, қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, қалалық полиция басқармасы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері мен 4 жұмыс беруші кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Осы арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарды тек құқықтық салада қиындықтарына қоса жұмысқа орналасу мәселесінің де шешімін табуға жәрдем беру көзделді.
-Бұл жоба қалалық прокуратура арқылы жүзеге асырылуда. Бүгін шамамен 100-ден аса мүгедектігі бар адамдарды қабылдауды көздеп отырмыз. Бәріне алдын ала хабардар етілді. Бұдан әрі де жоба жалғасын табады, — деді Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Арайлым Оразова.

Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Болат Жұмаділдің айтуынша, бүгінде елордада 38 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматтар тұрады.
-Оларға жеке жағдайына сәйкес заң талабына қарай көмек беріледі. Мүмкіндігіне қарай дәрігері қандай жұмыс істеуге рұқсат берсе, сол бойынша еңбек етіп, табыс таба алады. Бізге олар көбіне арба, жөргек, таяқ және басқа да керек құрал жабдықтарды алу бойынша өтініммен жүгінеді. Жергілікті бюджеттен мүгедектік тобына сәйкес жылына бір рет әлеуметтік көмек беру қарастырылған. 1-топтағы мүгедектігі бар адамдарға 20 АЕК, 2-топтағы мүгедектігі бар жандарға 10 АЕК, содан кейінгі топ бойынша 5 АЕК көлемінде қаржылай көмек беріледі, — деді Б. Жұмаділ.
Акция барысында түрлі сұрақтармен келген мүгедектігі бар елордалықтар өздерін толғандырған мәселелерін тиісті мамандарға сұрақ етіп қойып, нақты жауаптар алды. Мамандар азаматтарды қабылдап, әлеуметтік қорғау, медицина, білім және жұмыспен қамту салалары бойынша кеңес, тегін консультациялар берді. Құқық тақырыбында жадынамалар таратылды. Сонымен қатар жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері, оңалту, емделу және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Прокурорлардың айтуынша, бұл – тек формалды іс-шара емес, азаматтардың құқығын қорғаудағы нақты қадам және қоғамдағы әр адамның өмір сапасын жақсартуға бағытталған шынайы қамқорлықтың көрінісі.
Райхан Рахметова



