Мүгедек балаларға – ерекше қамқорлық
Астанада 500 мыңнан астам бала бар, олардың 10 мыңнан астамы – мүгедек. Елордада осындай ерекше балаларға қандай қызмет көрсетілетіні туралы Денсаулық сақтау министрлігінің бас педиатрлық реабилитологы, жоғары санатты дәрігер Мейрам ШАКЕНОВПЕН әңгімелескен едік.
– Бас қалада ерекше балаларды емдейтін қандай клиникалар бар?
– Балаларға реабилитациялық көмек әртүрлі болады. Мысалы, тәулік бойы стационарлық көмек көрсететін 200 орынды төрт медициналық ұйым бар. Биыл бірінші жартыжылдықта бұл жерде 1765 бала емделді. Сонымен қатар, балалардың оңалтудың ұлттық орталығы және 8 медициналық ұйымда күндізгі стационарлар бар. Амбулаторлық көмек көрсету деңгейінде 38 медициналық ұйымдарда 3081 бала емделді.
– Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы – еліміздің барлық өңірлерінен балалар қабылдайтын бірегей орталық. Қазіргі таңда қандай емдеу әдістері ұсынылады?
– Орталықта көрсетілетін негізгі оңалту әдістері – медикаментозды ем, ботулинотерапия, қозғалыс функцияларын қалыптастыруға арналған симптоматикалық әдістер, соның ішінде кинезотерапия, гидрокинезотерапия, роботтандырылған және функционалдық реабилитация, механотерапия. Сонымен қатар физиотерапиялық әдістер, проприоцептивті түзету әдісі, «Атлант» костюмі, биологиялық кері байланыс әдістері қолданылып, қимыл-қозғалыс, психоэмоционалдық және логопедиялық түзету жасалады. Модельдеу және ортездеу, когнитивті және сөйлеу бұзылыстарын симптоматикалық түзету үшін арнайы логопедиялық, дефектологиялық және психологиялық тәсілдер пайдаланылады. Балалардың әлеуметтік бейімделуі үшін Монтессори педагогикасы, оқу ортаға интеграциялау, инклюзивті білім беру, кәсіби бағдарлау, адаптивті спорт және мәдени шаралар ұйымдастырылады.
– Орталықта бір мезгілде қанша бала ем ала алады?
– Мұнда 300 орынды төсек қоры, 2 қысқы бақ, кітапхана, 3 бассейн және спорт залы бар. Орталықта әлемнің жетекші клиникаларында оқыған білікті мамандар жұмыс істейді.
– Құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қалай?
– Орталықтағы барлық құрал-жабдықтар заманауи және ең жаңа технологияларға негізделген. Мысалы, роботтандырылған кинезотерапия аппараттары, экзоскелет тренажері және басқа да арнайы тренажерлер қолданылып, баланың қозғалыс қабілеттерін дамытуға көмектеседі.
Сондай-ақ әлеуметтік бейімделу өте маңызды, сондықтан орталықта балаларды түрлі қоғамдық жұмыстарға тарту және еңбекке үйрету курстары бар.
– Биыл елордалық қанша бала ем алды?
– Жыл басынан бері церебралды сал ауруымен ауыратын 1207 бала реабилитациялық көмек алды, бұл жалпы мүгедек балалардың 88,7%-ын құрайды.
– Мамандар тапшылығы сезіле ме?
– Иә, эрготерапевттер, монтессори педагогтары және басқа да арнайы мамандар жетіспейді. Мысалы, қаладағы балалар ауруханаларында да бұл мамандардың тапшылығы байқалады. Орталық ерекше балалардың өмір сапасын арттыруға үлкен көмек көрсетуде, бірақ мамандар мен ресурстардың жетіспеушілігі әлі де шешуді қажет етеді.