Руханият

Домбыра пән ретінде енгізіле ме?

Домбыра қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінің белгісі ғана емес, ол – ұлтымыздың жаны, әр қазақтың рухын оятатын аспап. Домбырамен шертілген күйге делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Ол кез келген қазақ баласының санасындағы ұлттық кодын қозғап, рухын оятуға ықпал ете алады. Сондықтан домбыраны барынша насихаттау қай кезде де көптік етпейді. Тіпті оны мектеп бағдарламасына бөлек пән ретінде енгізсе құба-құп.

2019 жылы Астана қаласында өткен Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет» деген болатын. Бұл бас­таманы халық үлкен ықыласпен қабыл алған еді. Алайда мектептерде домбыраны бөлек пән ретінде енгізу туралы ұсыныс сол күйі жүзеге аспай келеді. Осы ретте қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев былай дейді:

«Ұлттық аспабымыз – домбыраны насихаттаушылардың арасында түсініспеушілік тудыр­ған ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Н.Жұмаділдаеваның қолы қо­йылған ҚР Үкіметі аппаратының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №16-10/4178 тапсырмасына берген жауабы болды. Бұл құжатта былай делінген: «Мемлекет басшысының білім алушылардың жүктемесін барынша азайту туралы тапсырмасына сәйкес, сонымен қатар домбыра ұғымы «музыка» пәнінің үлгілік оқу бағдарламаларында қамтылуына, оқушылардың қызығушылығына қарай, домбыра үйренуге толық мүмкіндік жасалуына, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында білім ұйымдарында жүйелі іс-шаралардың жүргізілуіне орай, «домбыра» пәнін енгізуді орынсыз деп есептейміз» деген жауабын түсінбей қойдық. Сонда ел Президентінің тапсырмасы қалай орындалмақ? Біздің ойымыз, бұл жауап тек берілген тапсырманы бақылаудан алып тастау үшін жасалған сияқты. Келтірілген негіздемелердің орынсыз екенін дәлелдеудің қиындығы жоқ. Кез келген орта мектепке барып, музыка пәніндегі домбыра тартып үйренудегі үлесін айқындасақ, жағдайдың мәз емес екенін анық білуге болады». Оның айтуынша, домбыраны пән ретінде енгізу үшін Оқу-ағарту министрлігі негіздеме әзірлеп, соның негізінде мектептерде сабақ ашылу керек. Ол пән енгізілгеннен кейін де домбыраларды мемлекеттік тапсырыспен сатып алу мәселесін реттеу қажет. Себебі қазір құр фанерадан жасалған сапасыз домбыралар нарықта көп. Олар тез сынып қалады, құлағының бұрауы дұрыс болмайды. Сонымен қатар домбыра пәнін өткізетін оқулық шығару және домбырадан сабақ беретін кәсіби педагогтарды көбейту мәселесін алға тартты.

Президент айтқан бастамаға сәйкес сол кезде домбыра пәнінің оқулығын дайындауға тапсырма берілді. 2020 жылы Қазақ радиосына сұхбат берген белгілі өнертанушы Жанғали Жүзбаев 6-7-сыныптарға арналған «домбыра» оқулығының тұсаукесері өткенін айтты. «Бұл пән орта білім жүйесіне қосымша пән ретінде енгізілмек. 200 беттен тұратын оқулықта домбырамен сауат ашу, домбыраны баланың қолына дұрыс ұстату секілді әдіс­темеліктер қамтылған. Сабақта халық әндері мен күйлері, Қазақстанда тұратын туысқан халықтардың әндері мен қазақтың классик күйшілерінің туындылары секілді дәрістер бар» деді автор өз сөзінде. Алайда 2021 жылы Астанада өткен педагогтардың тамыз кеңесінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының вице-президенті Алмагүл Мұхамедханова: «Шын мәнісінде, бұл – бөлек пән емес, 6-сыныптарға оқытылатын «музыка» пәнінің мазмұны. Яғни егер қажетті ресурстар бар болса, осы сынып оқушылары «музыка» пәнінің мазмұнынан екі нұсқаның бірін таңдай алады: бұрынғы бағдарламамен немесе домбыра тартуды үйрену курсы бойынша оқу» деп ол мұндай пәнді 6-сыныптан бастап енгізу керегін атап өткен. Сол 2021 жылы оқу бағдарламасы сараптамадан өтіп жатқаны, содан кейін ол барлық білім беру ұйымына жолданатыны айтылды.

Әрине, елімізде мектептерде, оқушылар сарайлары мен түрлі дамыту орталықтарында ақылы және тегін түрде домбыра үйірмелері өте көп ашылған. Астана қалалық Білім басқармасы берген мәліметтерге сәйкес, 2024 жылғы 30 қазандағы жағдай бо­йынша елордада 72 мектепте 99 домбыра үйірмесі жұмыс істейді, оның 53-і тегін, 46-сы ақылы негізде. Үйірмелерде 2715 бала қамтылған, оның ішінде 1690 бала тегін, ал 1028 бала ақылы барады. Домбыра үйірмелерін 95 педагог жүргізеді, оның ішінде 55 педагог негізгі штатта жұмыс істейді, 40 педагог қызметін қоса атқарады. 32 мектепте домбыра үйірмесі жоқ. Сондықтан пән ретінде енбеген соң домбыраны барлық бала бірдей үйрене алмайды.

«Домбыра үйірмелері өздерінің мәдени мұраларын құр­меттейтін және сүйетін қазақстандықтардың жаңа ұрпақ­тарын тәрбиелей отырып, ұлттық бірегейлік пен мәдени мұраны сақтауда маңызды рөл атқарады. Домбыра – жаһандану және интернет дәуірінде өсіп келе жатқан ұрпақтың ұлттық бірегейлігін сақтап қалудың маңызды құралы. Домбыра үйірмелерін ашу – еліміздің мәдениеті мен дәстүрін сақтауға және дамытуға, сондай-ақ жастардың музыкалық тәрбиесіне қосқан үлесін бағалаудың маңызды аспектісі. Ұлттық музыкалық аспап ретінде домбыра қазақ мәдениетінде маңызды рөл атқарады және ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының бір бөлігі саналады» делінген қалалық Білім басқармасының бізге берген жауабында. Алайда домбыраны пән ретінде ашуға қатысты жа­уап болмады.

Домбыраны барлық балаға пән ретінде үйретіп келе жатқан Назарбаев зияткерлік мектебі сол тәжірибесін бізбен бөлісті. Бұл мектептегі домбыра үйрету ісі 2012 жылдан бері «Жүз күйдің тарихы» жобасының аясында жүзеге асырылады. Мектептерде 8-12-сынып оқушылары үшін домбыра аспабында ойнауды үйір­мелер арқылы жүзеге асырса, мұнда 7-сыныптар үшін «домбыра» арнайы міндетті жоба ретінде сабақ кестесіне қойылып өтеді.

Осы ретте Астанадағы №106 мектепте домбыра үйірмесін тегін өткізетін педагогтардың бірі Мақсат Әмірбекұлы пікірін білдірді. Ол домбыра ұлттық рухымыздың тілмен қатар басты қаруы ретінде әр қазақ баласының мектеп жасынан бастап серігі болуы тиіс деп санайды.

– Үйірмеге осы мектептің 8 жастан жоғары 50 шақты баласы аптасына 2 рет қатысады. Пән ретінде енгізсе тіпті керемет, себебі балалардың тарапынан домбыра үйренуге деген қызығушылық өте жоғары. Бала музыкалық қабілетін домбырамен бастап, әрі қарай басқа аспаптарға, басқа өнерге де ынтасы оянады. Сабақ етіп өткізер болса, домбыраны қазіргі үйірмедей әр пернені санмен белгілеп емес, кәдімгі нотамен үйренеді, бұл оның музыкалық сауатын арттырады. Домбыра пәні балаға әдебиет пен тарихымызды үйрету жағынан қосымша болады, яғни күй тарихы арқылы қазақ тарихынан да білімі көбе­йеді. Пәнді енгізу арқылы ақылы орталықтармен арада бәсеке күшейеді, солай домбыра үйрету сапасы артады деп ойлаймын. Бұл жаңалық мектеп оркестрінің де қалыптасуына ықпал етеді. Сондай-ақ бұл баланың басқа сабақтарын оқуына кедергі келтірмейді, керісінше, бала осы пәнге келіп шаршағанын басып, шығармашылық еркіндігіне ерік береді, – дейді ол.

Домбыра отансүйгіштік пен ұлттық мақтаныш сезімін нығайтуға ықпал етеді, өйткені дәстүрлі музыканы оқып, ұлтының тарихы мен мәдени мұрасына деген құрметін қалыптастырады. Сондықтан домбыраны мектептерде пән ретінде енгізу бастамасы аяқсыз қалмай, ұлттық аспабымызды меңгерту арқылы ұлттық рухымыз бен тәрбиемізді күшейтуге жол салынғанын қолдаймыз!

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button