МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАРМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

0 133

Тәуелсіздік күні қарсаңында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлесін қосып жүрген азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау қайраткерлері, өндірістік сала, бизнес өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері бар.

Марапат иелерінің бір тобын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада қабылдап, наградаларды өз қолымен табыс етті.

Елбасы құттықтау сөзінде: «Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығын атап өтеміз. Осы 21 жыл ішінде төрткүл дүние қазақты танып білді, мойындады. Бұл бүгінге дейінгі тарихта болмаған нәрсе. Мұндай жетістікке Тәуелсіздіктің арқасында және барша қазақстандықтардың еңбегінің арқасында қол жеткізіп отырмыз» деді. Көрсетіліп жатқан сый-құрмет пен марапатты бүкіл халыққа көрсетілген ілтипат деп қабылдау қажеттігін айтты.

Салтанатты жиында «Отан» орденімен «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ президенті Мұхамеджан Турдахунов марапатталды. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым бойынша алқа мүшесі Даниал Ахметов пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке берілді.

І дәрежелі «Барыс» орденімен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті Алмаз Ибрагимов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың профессоры Әбдіғаппар Әшімов, ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Қазақстан» РТРК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры Сұлтан Оразалы, еңбек ардагері Кәкімбек Салықов марапатталды.

Сондай-ақ, «Парасат» орденін Елбасы Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа, ҚР премьер-министрінің орынбасары Ербол Орынбаевқа, «Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пяге, ҚР ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловқа тапсырды.

Ал, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы әнші Дильназ Ахмадиеваға, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваға берілді.

Сонымен қатар ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Талғат  Жанжүменовке, ҚР бас прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Исаевқа, ҚР бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченкоға және ҚР Республикалық ұлан қолбасшысының бірінші орынбасары Ермек Үкібаевқа тапсырылды.

Ал, әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық бұған дейін белгілі болғандай жазушы Сәбит Досановқа,  ақын Несіпбек Айтұлына,  әнші Әлібек Дінішевке және скрипкашы Гауһар Мырзабековаларға табысталды.

Қазақ музыка өнерін дамытуға және оны көпшілікке таратуға қосқан ерекше үлесі, белсенді шығармашылық, сондай-ақ педагогикалық қызметі үшін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс» сыйлығы Қазақстанның Халық әртісі Жәния Әубәкіроваға берілді.

 Сұлтан ОРАЗАЛЫ, «Қазақстан» РТРК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері:

– Әрбір саналы азамат үшін халқына қызмет етуден үлкен бақыт жоқ. Ал, сол азын-аулақ еңбегіңді елің, мемлекетің құрметтеп, Елбасың марапаттап жатса, нағыз бақыт сол деп білемін. Марапатқа ие  болған азаматтар осындай күйді басымыздан кешіріп отырмыз. Мұндай марапаттаулар бар кезде «елім» дейтін, «жерім» дейтін азаматтардың көбейе берері анық.

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері:

– Тәуелсіз еліміздің тарихынан бері қазақ әдебиеті, қазақ өнері үшін жасап келе жатқан ұшан-теңіз қамқорлығы үшін Елбасыға мың да бір рахметімді айтқым келеді. Азат елдің ақыны үшін байтақ елдің бақытын жырлағаннан асқан абырой жоқ. Қазақстанның келешегіне, оның ұрпақтарының болашағына қызмет етуге біздер әрқашан дайынбыз.

Юрий ПЯ, «Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы, «Парасат» орденінің иегері:

– Біз адам өмірін ажалдан арашалайтын жауапты операцияларды сәтті атқарып жүрміз. Өйткені, Мемлекет басшысының тапсырмасымен отандық медицина саласы заманауи аппараттармен толық жабдықталды, қызметкерлердің де бар жағдайы жасалды. Сондықтан,  өзімнің командамның атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғысымды білдіремін. Енді әлем медицинасындағы бар жаңалық Қазақстанда да жүзеге асырылатын болады.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 13 =