Денсаулық

Медициналық туризм әлеуеті қандай?

Бүгінде елімізде бой көтеріп келе жатқан салалардың бірі – медициналық туризм. Бұл бағыт – тек денсаулық сақтау жүйесін нығайтумен шектелмей, ел экономикасына қосымша кіріс әкелетін, жаңа жұмыс орындарын ашатын, халықаралық имиджді қалыптастыратын жоғары әлеуетке ие экспорттық сала. Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығының ресми мәліметінше, еліміздегі медициналық туристердің саны 2022 және 2024 жылдар аралығында 1200 адамнан 80 мың адамға өсті. Бұл кездейсоқ жағдай емес. Оған бірқатар фактор себеп болып отыр.

Біріншіден, Қазақстанда әлемдік стандарттарға сай жоғары деңгейдегі медициналық ұйымдарға ғана берілетін медициналық «Оскар» атанып кеткен JCI (Joint Commission International) аккредиттеуін алған 9 мекеме бар. Оның 7-уі Астана мен 2-уі Алматыда. Бұл – біздің аймақтағы көш бастап тұрған қуантарлық нәтижеміз.

Екіншіден, еліміздегі жоғары сапалы медициналық қызметтер басқа елдерге қарағанда әлдеқайда қолжетімді. Мәселен, Астана қаласының әкімдігіне қарасты Астананы дамыту орталығының ақпаратына сәйкес, Қазақстанда жүрек шунттау хирургиясы АҚШ-қа қарағанда 80 есе, Сингапурға қарағанда 11 есе арзан.

Үшіншіден, елдегі медициналық ұйымдардың медициналық туристерді тартуға экономикалық жағынан мүдделі болуы. Өйткені барлық турист тур ішінде бұл сала елдің нарығына мейлінше көп қаражат әкелетіні белгілі.

Дегенмен бұл салада жиналып қалған мәселелер аз емес. Атап айтқанда, елдегі медициналық ұйымдар мен туристік операторлардың арасындағы өзара әрекеттестік жоқтың қасы. Мәселен, медициналық мекемелер туристік бизнеске бейімделмегендіктен, турис­терге билеттерді сатып алу, тұрмыстық жағдайды ұйымдастыру сияқты қосымша қызметтерді сапалы түрде бере алмайды. Өйткені бұл – туристік ұйымдардың құзырында. Сол себептен клиникалар мен медициналық туристерге сауатты қолдау көрсете алатын медициналық туризм саласындағы бірыңғай операторды құру қажет деп ойлаймын. Оның құзыретіне диагностика және емдеу бойынша консалтинг, туристердің санын тіркеу, туристік өнімді ұсыну, тасымал және медициналық аудармашы қызметін кіргізуге болады. Мысалы, әлемдік үздік үлгілер қатарынан табылатын Түркияда медициналық туризмді дамыту ұлттық стратегия деңгейінде іске асырылады – Health Tourism Vision 2030 бағдарламасы қабылданған. Мемлекет медициналық ұйымдар мен туроператорларға халықаралық көрмелерге қатысуға субсидиялар береді; маркетинг шығындарын ішінара өтейді; шетелдік пациенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру үшін гранттар мен жеңілдетілген несиелер ұсынады. Қатысушыларға қызметті Türkiye Health Tourism Council деп аталатын орталық орган үйлестіреді. Онда ірі клиникалар, әсіресе жекеменшік медицина ұйымдары (Acıbadem, Memorial, Anadolu) өздерінің ішкі туризм бөлімшелерін немесе серіктес туроператорларды пайдаланады. Мемлекеттік қолдау мен ұтымды жүйенің нәтижесінде науқас емдеуден бөлек, туристік қызметтерді «бір терезе» қағидатымен алады.

Тағы бір мәселе – медициналық виза. Бүгінде медициналық туризм саласы жақсы дамыған Түркия мен Үндістан сияқты елдерде емделу үшін келетін туристерге тез арада және электрондық түрде берілетін e-visa көзделген. Өткен жылы елімізде IT саласындағы мамандарға арналған электрондық Digital Nomad Visa енгізілді. Осыған орай, медициналық туризм деңгейін арттыру үшін медициналық туристерге арналған арнайы цифрлық визаны қолға алу қажет деп ойлаймыз.

Бұдан бөлек, емделуге келген турис­тердің еліміздің тек ірі қалаларына емес, әр түкпіріне келуін қамтамасыз ету үшін әлемдік деңгейдегі медициналық ұйымдар санын арттыру қажет. Қазақстанда әлемдік JCI аккредиттеуінен 9 медициналық ұйым өтсе, медициналық туризмі дамыған Үндістанда – 64, Түркияда – 42, Малайзияда – 18. Осы себептен болашақта JCI аккредиттеуін алған медициналық ұйымдардың аккредиттеуден шыққан шығындарын мемлекеттік бюджеттен өтеудің мүмкіндігін қарастыруға қолдау көрсету маңызды деп санаймын.

Қысқасы, медициналық туризмді дамыту арқылы елімізді Орталық Азия­дағы жетекші медициналық хабқа айналдыруға толық мүмкіндік бар.

Нұргүл ТАУ,

Мәжіліс депутаты

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button