Майор Сариевтің мерейі

Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімі кинология қызметінің бастығы майор Сариев Нұрсұлтан Серікұлы – елеулі қызмет атқарып келе жатқан кәсіби жауынгерлердің бірі.
Жалындаған жас түлек 2006 жылы ҚР Қарағанды қаласындағы Республикалық әскери мектеп-интернатына түседі. Аталған білім ордасында екі жыл оқып, білімін жетілдіреді. Өзінің алғырлығының арқасында болашақ әскери маман осылай алғашқы еңбек жолын бастайды.
– Майор мырза, әскери салаға қалай және қашан келдіңіз?
– Шешімді өз еркіммен қабылдап, 2008 жылы осы салаға бет бұрдым. Құжаттарымды реттеп Алматы қаласындағы Достық даңғылының бойында орналасқан ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсант болып, жоғары әскери академиясына оқуға қабылдандым. Аталған академияны оқып жүріп, 4 жыл бойы застава старшинасы лауазымын атқарып, застава бастығының көмекшісі болдым.
– Оқумен қатар өзіңіздің спорттық және шығармашылық жолыңызды бірге қалыптастырған кездеріңіз туралы айтып өтсеңіз ?
– Академия атынан сол уақыттары Ұлы тұлға Әлихан Бөкейханов туралы ғылыми еңбек жазып, жас ғалымдар арасында ҚазҰУ қабырғасында өткен жарысқа қатысып, 3-орынды жеңіп алдым. Сондай-ақ спорттан да қалыс қалғаным жоқ. Академия арасында өткен жеңіл атлетикадан талай мәртелі жүлдеге ие болдым.
– Оқуды аяқтаған соң алғаш еңбек жолын қайда және қашан бастадыңыз?
– Академияны бітірген соң жанұя жағдайыма байланысты, үйдің жалғыз баласы болғандықтан, ата-анамды шекараға алып кете алмадым. Сөйтіп ҚР ІІМ ІІ баянатымды жазып, осы бағытта қызметке өз еркіммен ауыстым.
– Кинология саласына қалай тап болдыңыз?
– Мен өзім осы мамандықты таңдауыма себепкер болған ол жас кезімде жануарларды ерекше жақсы көрдім, ауыл баласы болғаннан соң үй шаруасымен ертеден айналыстым. Өзім Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Алғабас ауылында дүниеге келгенмін. Ауылдық жердегі халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің көзі – ол мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы. Мал шаруашылығы – сонау ата-бабамыздан мұра болып қалған асыл іс. Жеріміздің әлемде 9-орын алуы да осы шаруашылығымыздың арқасында деп ойлаймын. Бала кезімнен жан-жануарды ерекше жақсы көргендіктен өсе келе осы мамандықты таңдауға бел будым.
– Ал нақты кинология бағытына қашан келдіңіз? Жұмыс барысында қандай өзгерістер орын алды?
– Мен 2012 жылдың Тамыз айынан бастап Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде кинология қызметінің бастығы лауазымын атқардым. Бірінші командирім әлі тәлімгерім, халық қаһарманы генерал Үмбетов болған еді. Сол кісінің батасын алып, Ұлттық ұлан сапында өз қызметімді бастадым. Аталған әскери бөлімде кинология қалашығын салуды ұйымдастырып, қызметтік иттерге арналған 42 вольер салуға атсалыстым. Қызмет барысында кинолог мамандарының қызметін бірізділікке салып жүйелендіре отырып, біраз қылмыстың бетін ашуға себепкер болдым.
– Өз ісінің кәсіби маманы болып қалыптасу жолында, қызметіңізде тағы қандай өзгерістер орын алды?
– Мені 2013 жылы Алматы қаласы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылында орналасқан 6654 әскери бөліміне жұмыспен ауыстырды. Аталған бөлімде кинология орталығының оқу әдістемелік бөлімшесі бастығының, аға көмекшісі – оқытушы лауазымын атқардым. Қызмет атқару барысында жылына төрт кезең оқу барысында Ұлттық Ұланның әрбір бөлімдерінен келген жас кинологтарды оқыттым. Нақты санмен атап өтетін болсам, 6 жылдың ішінде ҚР Ұлттық ұланның 60% кинолог мамандарына білім бердім, тәрбиеледім. 2013 жылы осы қызметімді атқарумен қатар шаңырақ көтеріп, отбасын құрдым.
– Кинология саласында елеулі еңбек атқарып, саланың дамуына қосқан үлесіңіз зор. Еңбегіңіздің еленген бір кезеңін айта кетсеңіз?
– 2019 жылы қызметтік қажеттілікке сәйкес Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөліміне ауыстым. Ол бөлімде кинология қызметінің бастығы лауазымын атқардым. Осы әскери бөлімде қызмет атқару кезінде ІІМ үздігі төс белгісімен награтталдым. Қызметімді адал әрі тиянақты атқарғанымның нәтижесінде мені Астана қаласында орналасқан 5573 әскери бөліміне кинология қызметінің бастығы етіп тағайындады. Қазіргі уақытта аталған бөлімде қызмет атқарудамын.
Нұрсұлтан ЖҰМАБАЙ