Майдангер мерейі

Ұлы Отан соғысының ардагері, Астана қаласының тұрғыны Рзақұл Байкешев 102 жасқа толды.
Ұлы Отан соғысын Ржев және Великий Луг қалаларындағы шайқастардан бастаған майдангер Польша, Румыния және Венгрияны азат етуге қатысып, ефрейтор атағымен елге оралды. Соғыстан кейін Ақмола облысының «Рождественка» колхозында экспедитор болып еңбек атқарып, 1983 жылы зейнет демалысына шықты. Ардагер бұл күндері Астана қаласында немересі Талғаттың қолында тұрады.
Соғыс майдангерінің 102 жасқа толуына орай Астана қаласы Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының басшысы Илья Скуб, Астана қаласы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев, Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары А.Елімсарина, Астана қаласы Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин ардагердің үйіне барып, туған күнімен арнайы құттықтап, алғыс хаттар, таяуда жарық көрген, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс жауынгерлері» кітабын табыс етті. Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин аудан әкімінің атынан Рзағұл ақсақалдың иығына шапан жапты. Құттықтаушылардың тілегіне риза болған ақсақал ерекше толқып, ақ батасын берді.
Баянды ӘЛПИ,
Астана қаласы Алматы ауданы
Ардагерлер кеңесі
медиатобының мүшесі