Күй анасына құрмет

Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында халық күйшісі, тарихи тұлға Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күй анасы – Дина» атты концерт өтті.
Динаның домбырасының шанағынан төгілген әрбір күй – ұлт руханиятының мәңгілік мұрасы, халқымыздың алтын қазынасы. Тума талант иесі өнердің қыр-сырын ерте жастан бойына сіңірді. Әкесі Кенже Шалұлы ат баптаған, домбыра шерткен, палуан, сері болған. Ол кішкентайынан-ақ қызының жүрегіне өнердің отын жағып, домбыраға баулыды. Динаның талабы да, табиғи дарыны да айрықша еді. Ол бала кезінен Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сынды дәулескер күйшілердің шығармаларын нақышына келтіре орындап, ел ішінде «домбырашы қыз» атанды. Ол кезде Дина небәрі сегіз-тоғыз жаста ғана болатын. Алайда Тәңір дарын берген жанды сынақсыз қалдырмайды. Динаның өмір жолы оңай болған жоқ. Тұла бойына тылсым өнер дарыған күйші ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамында әйел баласының басына түсетін сан алуан ауыртпалықтың бәрін өткерді. Соған қарамастан, ол сынаққа сынбай, тағдырдың тауқыметіне мойымай, өзіне жүктелген қасиетті аманатты келешек ұрпаққа толықтай табыстай білді. Оның аманаты күй, құдіретті әуен еді.
Халық күйшісінің әрбір күйі болмысы биік көркем шығарма іспетті. Мысалы, «Кербез» күйін алайық. Күй анасының абысыны шын мәнінде көркі мен келбеті жарасқан, мінезі өткір әрі ашық, сөзі нық, туыс-туғанға сыйлы, беделді жан болған деседі. Оның аса зор болмаса да, нәзік, қоңыр дауысы тыңдаушының жүрегіне бірден жететін. Жаздың кешкі майдақоңыр самалында, ауылдың у-шуынан тыныштық орнаған шақта Кербез Динаның үйіне жиі келіп, күйшінің күмбірлетіп тартқан домбырасын тыңдап, ұлы ұстазы Құрманғазының өмір жолы жайлы, анасы Алқа туралы айтқан сырлы әңгімелеріне құлақ түретін. Ал өзі болса қазақ қыздарының малға сатылып, тағдыр тауқыметін тартқан қасіретті өмірі жайлы мұңды әндерді баяу ғана сызылта шырқайтын. Сол өлеңдер арқылы ішкі шерін ақтарып, жүрек жарасын жырмен емдейтін. Жастықтың, ғашықтықтың серпінді әндеріне көшіп, Динаның көңілін көтеріп, жүзін жадырататын. Кербез келін болып атасының босағасын аттағаннан кейін арада бірнеше ай өтпей күйеуі дүниеден озады. Жесір қалған ол екінші рет тұрмыс құруға ниет етпейді. Оның бар байлығы ар-ұяты, еркін болмысы мен өнерге құштар жан тазалығы болатын.
Дина Нұрпейісованың «8 март» күйі – ананың мейірімі мен әйел затының асыл болмысына арналған нәзік те жарқын музыкалық туынды. Бұл күйде көктемнің лебі, жаңарған өмірдің қуанышы, әйелге деген құрмет пен ізгі ілтипат домбыра үні арқылы айқын сезіледі. Күй әуені жеңіл, ойнақы сипатта басталып, біртіндеп кең тынысты, жарқын көңіл күйге ұласады. Домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір дыбыс әйел жанының нәзіктігін, сабырын, сонымен қатар ішкі күш-қайратын бейнелегендей әсер қалдырады. Бұл шығарма – Динаның өмірлік даналығы мен жүрек жылуының көрінісі.
Динаның Құрманғазыны үлгі тұтып, одан тәлім-тәрбие алуы кездейсоқ емес. Академик Ахмет Жұбановтың дерегіне сүйенсек, күйші Құрманғазы мен Динаның әкесі Кенже Шалұлы аралас-құралас адам болған.
«1870 жылы Құрманғазы он жасар керемет домбырашы бар дегенді естиді де, Кенженің үйіне келеді. Кішкене қыздың домбырасын тыңдап, күй өнерін дамытатын тағы бір адамның дүниеге келгеніне ризашылығын білдіреді. Өзінің айтуы бойынша Дина тоғыз жыл бойы, яғни он сегізге толғанға дейін Құрманғазымен жиі кездесіп, жиындарға еріп барып жүреді, көптеген атақты домбырашымен кездеседі» деп жазады А.Жұбанов.
Дина өз күйлерін суырып салма құрылымда еркін тартқан. Ол күйлердің негізгі композиция принциптерін сақтай отырып, əр тартқанында күйін жаңаша түрде орындайтын болған. Батыс Қазақстан күй формасына сүйене отырып, Дина күй құрылысын өзінше дамытқан. Бас буын мен орта буын аралығындағы күй тақырыбы дəстүрдегідей өзгермей дəл сақталса да, күй құрылысындағы басқа буындар үнемі өрнектеліп, құбылып отырады. Кіші сағаның өзінде дəстүрлі үстіңгі ішекте жүретін өрнек жоқ, ол күйдің даму бөлімін құрайды. Дина күйлеріндегі оң қолдың қағыс техникасы мен сол қолдың аппликатура тəртібі өз алдына бір төбе. Борандатып келе жатқан күй сарынының кілт тоқтап, басқа екпінге ауысуы Дина күйлерінде жиі кездеседі. Сонымен қатар күй ырғағының үнемі құбылып отыруы да басты ерекшелік саналады.
Керемет кеште Қазақ оркестрі Дина Нұрпейісованың «Тойбастар», «Кербез», «Жеңіс», «16-жыл» атты күйлерін жаңаша форматта орындады. Динаның шоқтығы биік шығармалары көптеген композиторға шалқар шабыт сыйлағаны мәлім. Осы орайда Айтқали Жайымовтың «Күй анасы» атты шығармасын орындаған республикалық байқаулардың лауреаты Айым Бекбаеваға, «Байжұма» атты күйін орындаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздахановаға, «Бұлбұл» атты күйін шеберлікпен тартқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаевқа және өзге де жекелеген өнерпаздарға көрермен ықыласпен қол соқты. Концерт «Әсемқоңыр», «Сарыарқа» күйлерімен түйінделді. Дина Нұрпейісова – күймен рухани ескерткіш орнатқан аңыз адам. Жер бетінде қазақ халқы барда ұлы композитордың мұрасы мәңгілік жасай берері хақ.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



