
Бас қаламызда өткен жылы ғана ашылған Өнер музейінің көрермені күннен-күнге көбейіп келеді. Бұл мәдени ошақта тек қана қазақтың ұлттық музыка аспаптары ғана емес, өзге де ұлттардың аспаптары да жинақталған. Елордалық музейге шетелдік туристер де келе бастаған. Музейге жиі келетіндер мектеп оқушылары мен студент жастар болып отыр.
Өткен жылы елордада Өнер музейі ашылды. Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясы құрамындағы бұл мәдениет ошағында 1600-ден астам музыкалық аспап жинақталған. Жуырда аталған музейді аралап, талай аспаптармен таныстық. Ерекше атап өтерлігі, мұндағы музыкалық мұра тек көзбен тамашалау үшін қойылмаған, музей қызметкерлері олардың үнін тыңдатып, кейбірінің тарихын да айтып береді. Музей маманы Азамат Бақияның айтуынша да, аспаптар жай тұрмай, жұмыс істеп тұруы керек.

Талай ұлттың төл аспаптары бар
Аталмыш музейде тек қазақтың ұлттық аспаптарын ғана емес, өзге ұлттардың да төл аспаптарын көруге болады. Былтыр жыл соңында елордада түркі халықтарының мәдени-рухани мұрасын кеңінен дәріптеу мақсатында «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі ұйымдастырылды. Оған туысқан елдерден 60-тан астам өнерпаз, зерттеуші, музыкатанушы, дәстүрлі аспаптарын жасаушы шеберлері қатысты. Сол кезде музей қорына қырғыз қылқияғы, түрік кеманчасы, өзбек дутары, мажар фурульясы, т.б. аспаптар сыйға тартылды. Бұған қоса, қытайдың эрхусын, тәжіктің думбрагын, түріктің бағламасын, моңғолдың чанзасын, марокконың гембриін, Алтай халқының икили, топшуур сынды аспаптарын, хакастардың чатханын, басқа да шетелдік аспаптарды көрдік.

Көңіл көтеруге ғана қызмет етпейді
Азамат Бақияның айтуынша, қазақтың өзінің 120-дан астам төл аспаптары бар. Мысалы, сырнайдың өзі мессырнай, сазсырнай, топсырнай, желбуаз, т.б. көптеген түрлерге бөлінеді. Сол сияқты қобыздың, басқа да ұлттық аспаптарымыздың түр-түрі бар. Өнер музейінің қызметкерлері солардың тарихына бойлап, ғылыми тұрғыдан зерттеп, төл аспаптарымызда музыкалық шығармаларды шебер орындаумен қатар оларды жасаумен айналысады. Яғни, жан-жақты, әмбебап мамандар.

«Қазақ аспаптарының тарихы тереңнен тамыр тартады. Бұл ұлтымыздың бай мәдениетінен хабар береді. Бізге дейін Өзбекәлі Жәнібеков, Болат Сарыбаев, Ақселеу Сейдімбек, Жарқын Шәкәрім болды. Бұл – бер жағы ғана. Арғы тарихқа бойлайтын болсақ, әл-Фараби музыка туралы трактат жазды, осы жөнінде Дулати қалам тербеді. Қазақта сазсырнайдың өзінің уілдек, тастауық, сазсырнай, үскірік, шыңырау, құссайрауық, қоссаз, қосуілдек, үшберек деген тоғыз түрі болған» дейді Азамат Бақия.

Оның айтуынша, қазақ төл аспаптарын түрлі мақсатта пайдаланды. Олар қызық үшін ғана қолданылмай, көңіл көтеруге ғана қызмет етпеді. Мәселен, барлығына таныс домбыра мен қобыз үнінде қазақтың қуанышы, мұң-қайғысы, шер-шемені жатыр. Жаугершілік заманда қол жинау үшін қолданылған бір керней аспабының үні 4 шақырымға жетеді екен. Яғни, төрт шақырым сайын 10 кернейші қойылса, ақпаратты 40 шақырымға жеткізуге болады. Ертеде ұлттық аспаптарымыздың әртүрлі үні арқылы қазақ әскері сапқа тұруды, музыкалық дыбыстың үніне қарай қандай бұйрық берілгенін түсінген. Мұның жарқын көрінісін «Қыз Жібек» көркем фильмінен көруге болады. Яғни, әр дыбыстық белгінің де өз мақсаты болған. Сол белгі арқылы сарбаздар түсінісіп, бірін-бірі таныды.

Ұра, доңызқауақ, әңгіртаяқ
Ерте заманда ту көтерушінің соңынан келе жатқан жауынгердің қолында ұра деген аспап бір жағынан қару есебінде, екінші жағынан, музыкалық аспап ретінде қолданылған. «Ура» деген ұран осы ұрадан шығып тұрған жоқ па деген болжам да бар. Қазақтың «Ұр» деген сөзінің төркіні де осыдан шығып тұр деп те айтылады.
Қазақ даласында ертеде жолбарыс жортқан деген деректер бар. Оны үркіту үшін доңызқауақ атты музыкалық аспап қолданылған екен. «Төбеңде әңгіртаяқ ойнату» деп айтып жатамыз. Бақсақ, әңгіртаяқ та қазақтың бір аспабы екен. Осындай аспаптардың бәрі өнер музейінде тұр.
Киноиндустрияда қазақ иісін қалай шығарамыз?
Азамат Бақия қазақтың төл аспаптарын киноиндустрияда қолдану керек деп есептейді. «Қазір Қытай, Корей елдерінің, Түркияның тарихи телехикаяларын жұрт көп тамашалайды. Бізде де мұндай телехикаялар түсіріле бастады. Әр телехикая ұлттық колоритпен музыкалық дыбысталуы керек. Яғни, бөтен үнді қоспай, өзіміздің төл аспаптарымыз қолданылғаны дұрыс. Сонда фильмдегі үннің өзінен қазақ даласының, қазақ мәдениетінің иісі шығып тұрады. Әсіресе, киноиндустрияда көпшілікке беймәлім төл аспаптарымызды қолдану керек. Яғни, бар мүмкіндігімізді пайдаланып, ұлттық аспаптарды насихаттау қажет» дейді музей маманы.
Астанадағы Өнер музейі – отандық туризмді дамытуға қызмет ететін бірден-бір мәдени ошақ. Бірнеше шетелдік делегация музейді тамашалап та кетті. Мәселен, жуырда Астанада Мәскеудің мәдениет күндері өткенде қонақтар келіп, тамсанды. Мәдени ошақ өскелең ұрпаққа қазақы тәрбие беріп, оларды ұлттық құндылықтармен сусындатуда да үлкен мән-маңызға ие. Қазір балалар музейге келіп, аспаптарды тамашалап та жатыр екен. Жеткіншектерге танымдық ақпарат беріліп, қызықты ойындар да ойнатылады.
Жинақталған аспаптардың көпшілігі Азамат Бақияның жеке коллекциясынан құралған. Ол бала жасынан музыкалық аспаптарға құмар болып өсті. Есейгенде түрлі экспедицияларға қатысты. Біраз аспап сол экспедицияларда табылған олжа. Мысалы, музейде тұрған көне домбыраның бірі 1802 жылы жасалған. Мұны Азамат Моңғолияның Баян Өлгей аймағына сапарында олжалады. Сондай-ақ музейде күй атасы – Құрманғазы, ұлы Абай, халық композиторы Біржан сал Қожағұлұлы, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев ұстаған домбыраларының көшірмелері бар. Қазақ аспаптарын жасаудың басында Қамар Қасымов тұр. Сол Қамар жасаған домбыра да орын алған. Кезінде бақсы адам ұстаған қобыз, белгілі сыбызғышы Кәлек Құмақайұлының сыбызғысы да қойылды.
Сазсырнай санаулы минутта жасалады
Өнер музейі жанынан Болат Сарыбаев атындағы қазақтың музыкалық аспаптарын зерттеу шеберханасы ашылды. Бұл жерде төл аспаптарымызды жасау, қалпына келтіру үдерісімен танысуға болады. Біз де бұл шеберханаға кіріп көрдік. Сонда сазсырнай санаулы минуттардың ішінде жасалатынына куә болдық. Музейде «Бас киімдер» залы да жұмыс істейді. Музей қызметкерлерінің біразы – біршама танылып қалған, шетелдерге де гастрольге шыққан «Жошы» этно-фольклорлық ансамблінің мүшелері.
Көңілге түйгеніміз, Өнер музейінде мол байлық жинақталған. Сондағы мұрамыз бір емес, бірнеше мақалаға жүк бола алады. Бұйыртса, мұны алда да жалғастырамыз.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
фото: Сұлтан СЕЙІТ



