
Астана қаласында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының қалалық штабы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымымен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесудің мақсаты – конституциялық реформаның мәнін қарапайым тілмен түсіндіру және кітапхана қызметкерлерінің пікірін тыңдау.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Татьяна Савельева, Астана қалалық мәслихатының депутаты Азамат Айтхожин, штаб мүшесі Динара Байсеркина, Respublica фракциясының өкілі Рауан Калиев, қоғам қайраткері Мұхтар Еркетаев және Бибигуль Искакова қатысты.

Кездесу барысында реформаның басты мақсаты – әділетті қоғам құру, заң үстемдігін күшейту, мемлекеттік басқаруды ашық әрі тиімді ету екені айтылды. Сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері нығая түсетіні түсіндірілді.
Спикерлердің айтуынша, адам капиталын дамыту – ел дамуының негізгі шарты. Бұл бағытта білім мен мәдениеттің рөлі ерекше.
«Қазіргі кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес. Бұл – білім беретін, ой қалыптастыратын, азаматтық сана дамитын орталық. Егер біз білім мен мәдениетті басты құндылық деп танысақ, кітапханалар қоғамды дамытуда маңызды күшке айналады. Жастардың оқуы, ізденуі, сыни ойлауы – ел болашағы. Конституциялық өзгерістердің мақсаты да – білімді, жауапты, белсенді қоғам қалыптастыру», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева.

Кездесу ашық форматта өтті. Қатысушылар сұрақ қойып, өз ойларын ортаға салды.
Шапағат ӘБДІР



