Кітап қоры көп, маман аз

«Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында…
Президент тапсырмасы түйткілді мәселелердің шешу жолын ашып бергендей болды. Алайда, мәселе түбегейлі шешілді ме? Осы жайында толық білмек ниетте кітапхана есігін қағып көрдік.
Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ – елорда тұрғындары үшін білім мен мәдениеттің маңызды тірегіне айналған мекеме. Бүгінде жүйе жалпыға бірдей 25 қалалық кітапхананы біріктіріп отыр. Оның құрамына М.Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана, 14 көпшілік және 8 балалар кітапханасы кіреді.
Кітапханалардың әмбебап қоры 766 мыңнан астам дананы құрайды. Оқырмандар саны 91 мыңнан асып, жыл сайынғы келушілер легі 852 993 адамға жетеді. Бір жылда берілетін кітап саны 1 988 046 данаға жуық. Бұл көрсеткіштер елордалықтардың кітапханаға деген қызығушылығының артып келе жатқанын аңғартады.
Кітапханаға оқырман тартудың жолын қарастырып, кітап оқуға жастардың құштарлығын ояту керек деген пікірді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов жиі айтып келеді. Ол:
– Әлбетте Абай атамыз айтқандай, артық білім – кітапта. Ал «Google» компаниясы ұсынған статистикалық деректерге шолу жасасақ, дүние жүзінде Үндістан мен Қытай кітап оқудан оқ бойы озық тұр екен. Көрнекті ақын Иосиф Бродскийдің: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл – оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген сөзі бар. Сол себепті, өркениеттер қақтығысында ұрпағымыздың опық жемеуін ойласақ шұғыл түрде ескеретін мәселенің бірі – бүгінгі ұрпақты кітап оқуға тәрбиелеу. Әдебиет әлемі зиялы қауымның шығармасы мен еңбегінен тұрады. Бізде зиялы қауым өкілдері көп емес. Сондықтан олардың әрқайсысын ерекше құрметтеуіміз керек, – деді.
Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Гүлбадан Мадибаева: – Кітапханалар жүйесінде барлығы 162 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 15 адам әкімшілік-басқару персоналы болса, 113-і – кітапхана мамандары, 34-і – техникалық қызметкер. Алайда соңғы жылдары кітапханалар желісінің кеңеюіне, жаңа кітапханалардың ашылуына байланысты салада кадр тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе кітапханашы, балалармен және жастармен жұмыс істейтін мамандар жетіспейді. Сондай-ақ цифрлық технологияларды меңгерген қызметкерлерге деген сұраныс жоғары. Бұл жағдай қолданыстағы мамандарға жүктемені арттырып, кейбір кітапханалардың толық қуатында жұмыс істеуіне кедергі келтіруде. Кадр мәселесі шешімін тапса деген үміт бар, – деді.
Елімізде «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша 23 колледж және 9 жоғары оқу орны бар. Бұл көрсеткіш аталған саланың білім беру жүйесінде маңызды орын алатынын көрсетеді.
Қазіргі таңда көптеген салаларда білікті мамандардың тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Әсіресе ауылдық жерлерде кадр жетіспеушілігі айқын сезіледі. Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар тиімді бағдарламалар — «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орыны» іске асырылуда. Алайда маман жетіспеушілігі өңірлерде де байқалады. Десек те кадр тапшылығын шешудің төте жолын тәжірибелі маман айтып берді.
– Маман тапшылығы – түсіне білсек, бір күнде пайда болатын мәселе емес, жылдар бойы қордаланады. Оны шешу үшін кадр іздеумен ғана шектелмеуіміз керек, маман өсетін орта қалыптастыруымыз қажет. Жас маманды тұрақтандырудың басты шарты – әлеуметтік және кәсіби қолдау. Тек «жұмыс бар» деп шақырып алу жеткіліксіз, ол өзін осы ұжымға ауадай қажет екенін, бағалы екенін сезінуі тиіс. Тағы бір маңызды мәселе – жастарға сенім арту қажет. Жастар өте креативті, қазіргі оқырманмен ой-пайымы ұқсас, сондықтан олардың пікірі маңызды, шешім қабылдағанда, оның да ойына сүйеніп отырсақ, сенімге сай қызмет атқарады деп ойлаймын. Осылайша жас маман тұрақты кадрға айналады. Қысқаша айтсам, жас маманды ұстап қалудың жолы – оған қызмет етуге жағдай жасау және болашағын осы салада көруге мүмкіндік беру, – деді БҚО Ақжайық ауданы, «Чапаев ауылындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ММ директоры Роза Мұсағалиева.
Астанада 2023-2025 жылдары аралығында кітапханаларды толық жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Кітапханалар желісі кеңейіп, 7 жаңа кітапхана пайдалануға берілген.
– Шынын айту керек, бүгінде кітапханалар тек кітап оқитын орын ғана емес, мәдени және әлеуметтік орталыққа айналып отыр. Әртүрлі жас санаттарына арналған 35 қызығушылық үйірмесі мен клубы тұрақты жұмыс істейді. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамыту үшін кадрлық әлеуетті нығайту аса маңызды, – деді «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Гүлбадан Мадибаева.
Біздің ұққанымыз жас мамандарды жұмысқа тарту, жас кітапханашыларды қолдау, біліктілікті арттыру және еңбек жағдайын жақсарту – алдағы кезеңнің басты міндеттерінің бірі болып отыр.
Ендігі жерде Астананың Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жаңғырумен қатар кадр мәселесін шешу арқылы ғана толыққанды әрі тұрақты дамуға қол жеткізе алады.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



