Кинооператор – көркем мамандық

Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті режиссура, арт-менеджмент және операторлық өнер факультетінің оқытушысы Мейрамбек ӘБДІКӘРІМОВ дипломын алып еліне келгенде, кәсіптің қыр-сырын түсінбейтін жақын-жуығы «енді тойды түсіресің бе?» деп сұрапты. Бұл, әрине, тар мағынасындағы түсінік, кәнігі оператор – киноны сөйлететін режиссерден кейінгі екінші адам. Мейрамбекпен болған әңгімеде қазақ киносының бүгінгі жағдайына қанықтық.
– Жалпы өнерге белгілі театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хүсейін Жүсіпұлы жетектеп келді десем болады. Мектеп бітірген жылы анам аяқастынан қайтыс болып, орта мектепті үздік бітірсем де, жоғары білім алуды ойыма ала да алмадым. Сонымен бір жылдай уақыт өткенде Хүсейін аға Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында жұмыс істе деп қасына алды. Театрда үш жылдай жұмыс істедім. Гастрольдік сапарларға шығып, ой-өрісім кеңейе бастады. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына бағымды сынап, «операторлық өнер» деген мамандық бойынша оқуға түсіп, 2011 жылы бітіріп шықтым. Астанаға келуіме мұрындық болған – марқұм ұстазым, кинооператор Болат Сүлеев. 1998 жылы музыка академиясы болып ашылған өнер ордасының артынша университет болып қайта құрылып, қосымша түрлі салалық мамандықты игеруге мүмкіндік ашылған кезде, Болат Қалиұлы Сүлеев осы университетке сабақ беруге ұсыныс алады. Сол жылдың түлектері өзінің шеберлік сыныбында оқып жүрген бізді тартты. Содан Алматыдан келген төртеуміз магистратураға түстік, оны тәмамдап, аталмыш университетте қалып қойдым. Өнерде шеберхана деген түсінік бар. Қайда барсаңыз да кімді бітірдің деп сұрайды. Сол ұстазыңыздың аты мен білігі сіздің өнердегі жолыңызды анықтап, шеберлік деңгейіңізді көрсетеді. Ұстазым Болат Сүлеев – қазақ өнеріне еңбегі сіңген классик. Өзі түсірген «Қоштасқым келмейді», «Жамбылдың жастық шағы», «Кек», «Үш күн мереке», т. б. көркем және деректі фильмдері арқылы жақсы таныс. 2006 жылы «Көшпенділер» фильмінің операторы болған. Оның Голливуд түсірген фильмге қатысуы – шеберлігінің дәлелі. Сол кезде америкалық кино түсіруші топ Қазақстанға келіп, қазақ операторын іздейді. Фильмнің бас операторы қазақ киносымен танысқысы келетінін айтады. Ұсынылған фильмдердің арасынан екі адамның еңбегін таңдап, өзімен таныстыруын өтінеді. Бұлар ағайынды Болат және Әубәкір Сүлеев болып шығады. Бұл отбасынан талантты режиссер да шықты. Ол – Ася Сүлеева.
– Қазақ киносындағы мықты операторлар туралы аз біледі екенбіз.
– Кинооператор кәсібі – көпшілік біле бермейтін, көптің көзіне түсе бермейтін кәсіп. Жақсы туындының әртістері ғана танылып, әрі кетсе режиссері еленіп, ал операторы туралы сирек айтылады. Негізі, бұл мамандық иелері – фильмнің тірегі, авторларының бірі. Олар режиссер ойын дәл түсініп, киноның көркем түсуіне жауап береді. Классиктеріміз Ш.Айманов, С.Қожықов, М.Бегалин сынды мықты режиссерлермен қатар жүрген атақты операторлар бар. Кинода «шығармашылық тандем» деген болады: режиссер мен оператордың бірін-бірі түсініп, ойға алған нәрсені жарқыратып шығару. Шәкеңнің Марк Беркович деген операторы болды. «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе» фильмдері осы таланттың таспасына түскен. Асхат Ашрапов – «Қыз Жібекті» түсірген оператор. Бұл кісі Башқұртстанда туған. ВГИК-ті бітіріп, Шәкен Аймановтың ұсынысымен елге келіп, осында қалып қояды. Шәкенмен бірге түсірген «Атаманның ақыры» және «Ана туралы аңыз» да осы кісінің туындысы. Орта буыннан режиссер Ақан Сатаев пен кинооператор Хасан Қыдырәлиев екеуі түсірген классикалық фильмдер Қазақфильмнің «Алтын қорын» толтырды. Қазір оның Жантай деген ұлы ата кәсіпті қолына алды. Сатыбалды Нарымбетовтің фильмдерін де Хасан түсірді. Қазір жас кинооператор Еркінбек Пітірәлиев режиссер Әділхан Ержановпен шығармашылық тандем құрып, жетістіктерге жетіп жүр.
– Еркінбек Пітірәлиев қазақ киносының жас жұлдызына айналып келе жатқан сыңайлы.
– Әділханмен бірге түсірген «Сары мысық» фильмі халықаралық фестивальдерде жақсы бағаланды. Бұл Астанаға, магистратураға келген төрт досымның бірі болатын. Ол – Оскар киноакадемиясының мүшелігіне өткен тұңғыш кинооператор. 2020 жылы «Сары мысық» шетелді таңғалдырып, біраз жүлдеге ілікті, «Оскарға» ұсынылды. Туындыны жоғары бағалаған америкалық киношылар сол кезде 30-дан енді асқан Еркінбекті академияның «Үздік операторлық жұмыс» номинациясын анықтап, дауыс беретін әділқазылар мүшесіне қабылдады.
– Бұл қазақ киносының жарқын болашағына меңзейді. Дегенмен теледидарды толтырып тұрған сапасыз сериалдар мен мәнсіз кинолар көрерменді мезі еткен жоқ па?
– Мұндай үрдісті барлық әйгілі киностудиялар өз басынан өткерген. Бір сәттік пайдаға құрылған коммерциялық, продюсерлік фильм деген болады. Қазір қалтасында ақшасы бар, атағын шығарғысы келген әнші, КВН-щиктер түсірген шала дүниелерден шаршап, талғамсыздықтың шарықтау шегінде отырмыз. Кәсіби тұрғыдан алып қарағанда, көбі сапалы техникамен түсірілген. Осындай ортанқол дүниелерден де оператордың нақышты қолтаңбасын танып қаламыз. Риза болатын кезіміз де бар. «Жарықты дұрыс қойып, композициясын жақсы ұстаған екен» деп қаламыз. Олардың көбін біле бермеймін. Алайда киноны көркем өнер деп бағалайтындардың шоқтығы әрдайым биік. Олардың мақсаты – мәңгілік, адамзатқа ортақ туынды түсіру. Ақша да маңызды емес. Талантты режиссер, жақсы сценарий болса, оператор аянбастан кірісіп кетеді. Халық жаманнан жерініп, арзан күлкі мен жеңіл дүниелерге сұранысы жоғалғанда, шын таланттылар бәрібір тесіп шығады. Қазақтың көркем әдебиетімен сусындаған, қазақы қаны бар, жеріміздің тау-тасын аралап, шөлден сұлулық көретін көзмергендер бүгінде идеясыз дағдарыста тосылып жүр, көргендері мен түйгендерін таспаға түсіре алмай жүргендері де баршылық.
– Қазақ киносының жұлдызы жанған сәтте жұмыла кірісетін мамандарыңыз дайын ба?
– Жылда жас талапкерлердің легін сұрыптап, оқуға қабылдаймыз. Ең үлкен конкурс бізде, жылына 20-30 бала бағын сынайды. Өкінішке қарай, қазақы балалар аз келеді. Он шақты жыл бұрын университеттің бағдарламасы аясында облыстарды аралайтынбыз, көзінде оты бар жастарды оқуға шақыратынбыз. Сол жылдары Орал, Атыраудан көптеп келді. Қазір көбіне Астана мен Алматыдан қаланың жастары келіп жатады. Іргедегі Қарағанды мен Көкшетаудан да балалар бар. Батыс, солтүстік, оңтүстік өңір таланттыларының шырағын жаға алмай жүрміз. Насихаты кемшін болып тұр. Тағы бір алаңдататын нәрсе – бұл мамандықты таңдайтын қыздар санының артуы. Операторлық темір-терсекпен байланысы болғаннан кейін қыздарға айтамыз, оны арқалап жүру оңай емес, айлап-жылдап орман-дала кезіп жүреді. Қар, жаңбыр, дауылға қарамайды. «Қалай жағдайларың болады?» дегенге де қайтпайтындар бар. Біз бөлмейміз, бірақ ескертеміз. Биыл сараптама жасадым. Осы уақытқа дейін факультетке 20 қыз түскен, оның 30 пайызы ғана студия ашып, фотограф болып нан тауып жүрсе, қалғаны басқа салаға кеткен. Ал үлкен кинода жүргендері өте сирек. Осы тұрғыдан келгенде, операторлық туралы мардымсыз мәлімет кинотану деңгейімізді төмендетіп тұр. Оқытушылық қызметімізді ғылымға бұрғандағы себебіміз қазақ кино әлеміндегі кинооператорлардың классикалық туындыларын зерттеп, ғылыми бағасын беру еді.
Сұхбаттасқан
Айгүл УАЙС



