Басты ақпаратРуханият

Керуен сарай – қараөткелдің көне құрылысы

Есіл – қазақ жерінен өз бастауын алатын және Ертіс арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа жететін өзен. Қараөткел атауының әлі күнге дейін ел аузында болуы да Есіл өзеніне байланысты. Қазақ жеріндегі топонимдердің бәрі де мәңгілік қозғалыстағы ел үшін географиялық карта мен компас қызметін атқарады. Қараөткел атауы қазақтың жыл құсындай оңтүстік пен солтүстік арасында әрлі-берлі көшкен, ұлы меридиан саудасын жүргізген заманда қалыптасқан үлкен өткел дегенді білдіреді. Ю.Шмидт өзінің «Очерки киргизской степи к югу от Арало-­Иртышского водораздела в Акмолинской области» кітабында Қараөткелдің ені 75 м, судың тереңдігі 70 см, табаны тастақ, Сарыарқадағы ең бір үлкен өткел екенін жазады.

Қараөткел маңызын түсіну үшін ортағасырлық сау­да керуенде­рін немесе көшкен елді көзге елестету керек – кемі мыңдаған жүк түйеген түйелер мен күйме-арбалар. Мұндай жағдайда міндетті түрде өткелдің табаны тастақ болуы керек, әйтпесе өзен ми-балшыққа айналып, одан өту мүмкін болмайды. Қараөткел маңындағы сақ, ғұн, түркі замандарының толып жатқан қорған обалары мен қалалық қоныстары оның қазақ қазақ болмай тұрған заманында Ұлы даланың ірі сауда орталықтарының бірі болғанын көрсетеді. Қараөткел – сол замандарда пайда болған атау. Қаланың іргетасында керуен сарайлар мен қолөнер орталықтары, саудагер қауымдардың отырықшы қоныстары, мешіттер мен мектеп орындары бар екені сөзсіз. Біз тым әріге бармай-ақ, ХІХ ғасырдың басындағы жазба деректерді қарастырып көрейік.

Подполковник Шубиннің Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға Ақмола сыртқы округін ашу туралы 1830 жылғы рапортынан: «Место сие состоит над самой рекою Ишима, и оно безопасно от наводнения во время весны, где весьма можно свободно расположить построение казенных зданий и подле онаго пролегает караванная дорога, по которой из всех мест как то – Бухарии, Ташкении, Кокании, с Семи рек и прочих азиатских владений проходят торговцы с караванами на Петропавловск и из оного в те владения. Караваны сии имеют стечение всегда при урочище Карауткуль, которое отстоит от предпологаемого места только в 4 верстах. Они находятся тут по одному месяцу, а иногда и с половиною, разменивают один другому свои товары и напоследок так случается, что некоторые сбыв избыток свой или товар возвращаются в свои отечества».

Қараөткел қаласында оң­түстік пен солтүстік табысады. Қазіргі Кенесары көшесі бірнеше жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы сауданың қайнаған ортасы болды. Қараөткелден бастап Ащыөзекке (Соляная балка – Гребной канал – Ақбұлақ) дейін созылған Кенесары көшесі ол кезде Үлкен базар көшесі аталады. Сауданың нағыз қайнаған жері – Кенесары мен Бейбітшілік көшелері қиылысатын алаң – ол кезде Кіші базар көшесі аталады. Бұл – Керуен сарай ерте заманда салынды деуімізге ең бірінші себеп.

Сауда керуендерімен бірге елшіліктер жүретінін де айту керек. Елшіліктерді, әдетте, өте лауазымды, патша сарайларында қызмет жасайтын адамдар басқаратыны белгілі. Мысалы, қазақ хандары шет елдерге аттандырған елшіліктерді аталықтар әулетінің өкілдері бастайтын. Елшіліктердің құрамында кей жағдайда басшысы бар, қосшысы бар жүздеген адамдар болады. Ке­руен сарай қалай пайда болды? Әрине, елшілік өкілдеріне де, ірі саудагерлерге де күтім керек, осылайша керуен жолдарының бойында керуен сарайлар салына бастады. Оңтүстіктегі Жібек жолында да, Арқадағы Ұлы меридиан жолында да әр 25-50 шақырым сайын бекет орындары мен керуен сарайлардың қирандыларын көресіз.

Қараөткел туралы ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы орыс әдебиеті тамаша деректер береді. Бүкіл ресми құжаттарда біз Ақмола атын кездестіреміз, бекініс те Ақмола, округ те Ақмола деген сияқты. Бұдан шығатын қорытынды округ орталығы 1833 жылы Тайтөбеден Қараөткелге көшіп келгенде өзімен бірге Ақмола атын да ала келген. Ресей заңдарына бағынатын қызметкерлер мен орыс тұрғындары Қараөткел аталатын қазақтың қонысын Ақмола атап кетті де, қазақ болса өзінің байырғы атауын сақтап қалды.

Қазақтың жазбаша, ауызша әдебиетінде Қараөткел аты жиі кездеседі. Ә.Бөкейханов Г.Потанин мерейтойына арналған жазбасында ғалым туралы жаза келіп: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баян­ды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа сонда білер еді-ау» дейтін Григорий Николаевич» деп әулиеге нағыз азаматтық бағасын береді.

Қараөткел қаласы да ал­ғашқыда Керуен сарайдан басталғанына жоғарыдағы дәлелдеріміз жеткілікті деген пікірдеміз. Керуен сарай – алдымен қонақ үй, одан кейін тауарларды сақтайтын қойма, одан кейін сауда орны. Жергілікті өлкетанушылардың ертеректе Қараөткелде кездейсоқ қазба жұмысының кезінде құбыр фрагменттері табыл­ғанын баяндауы тегін емес. Құбыр жүйесі Қараөткелде тек қана Керуен сарай ғана емес, сонымен бірге қалалық қоныс­тың пайда болғанын білдіреді.

Қараөткелдің ең көне ес­керткіші – қазіргі Сине Темпоре, бұрынғы Керуен сарай. Ресей осы жерге келіп бекініс қорғанын салған соң, Ке­руен сарайды «Гостиный двор» деп атап жіберді. Егер сіз ХХ ғасыр басындағы Қараөткел суреттерінің ішінен бір қабатты үлкен үйді және ол үйдің маңдайшасындағы «Қосшығұлов және К» деген араб әрпімен жазылған жарнаманы көрсеңіз, ол – ежелгі Керуен сарай, отаршылдық кезеңдегі Гостиный двор. Керуен сарайдағы негізгі дүкендер І гильдия көпесі Байкөп Қосшығұловтың қарамағында болды. Одан 1917 жылы төңкеріс басталды, бірте-бірте совет өкіметі орнады, аштық пен репрессиядан өттік, соғыстан кейін Керуен сарайды «ЦУМ», яғни Орталық әмбебап дүкен деп өзгертті. 1991 жылы өлдік-талдық дегенде тәуелсіздік келді, енді Сине Темпоре атанып жүрміз. Егер осы мағынасыз, біреудің бизнесімен келген, бізге сырттан жұққан Сине Темпоре Керуен сарай болып өзгерсе, онда Астананы толық мәнінде қазақтың астанасы ­деуге келеді.

Қараөткелдің орталық бөлігінде салмақты зерттеу жұмысы жүргізілсе, Керуен сарайдан басқа да егінші, қолөнерші, саудагер қауымдардың отырықшы қонысы табылатыны сөзсіз. Бұл зерттеуді біз Сине Темпоре қабырғасына «бұл жерде ежелгі замандардан бері Керуен сарай болды» деген ескерткіш тақтадан бастауымыз керек.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button