Келешегі кемел мектеп

Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы еліміздің білім жүйесіне түбегейлі серпіліс әкелді. Осы тапсырма аясында соңғы 6 жылда елімізде 1000-нан аса жаңа мектеп бой көтерді. Астанада биыл сондай 7 мектеп ашылады. Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің кез келген өңіріндегі, кез келген әлеуметтік топтағы балаға сапалы білімді тең қолжетімді ету, үш ауысымды оқытуды жою, апатты мектептерді алмастыру, оқушы орын тапшылығын болдырмау. Сол мақсатта бірыңғай стандарт негізінде салынған мектептердің бірі – Астанадағы №104 орта мектеп.
Былтырғы Білім күнінде ашылған жаңа «Келешек мектебі» қазіргі заманға сай IT-сыныптармен, зертханалармен, шығармашылық және спорт кеңістіктерімен, инклюзивті білім беруге арналған инфрақұрылыммен жабдықталған. Мектепте әр баланың әлеуетін толық ашатын мүмкіндіктер жасалған. Барлық «Келешек мектептері» сияқты бұл оқу ордасы да мазмұны мен құрылымы жағынан дәстүрлі мектептерден үш бағытта, яғни бірыңғай заманауи стандарттың енгізілуі, заманауи технологиялармен жабдықталуы және қауіпсіздік шараларының күшейтілуімен ерекшеленеді. Мұнда да роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, заманауи пәндік кабинеттер, хореография залдары, коворкинг аймақтары, алғашқы әскери дайындыққа арналған ашық алаңдар, сондай-ақ бірнеше спорт залдар қарастырылған. Мектеп жаңа үлгідегі жиһазбен, оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтылған. Мұғалімдерге арналған жұмыс бөлмелері де қазіргі заман талаптарына сай жабдықталып, оқу үдерісін тиімді жүргізуге мүмкіндік берілген. Қауіпсіздік тұрғысынан жаңа мектеп заманауи бейнебақылау жүйелерімен, кіріп-шыққан тұлғаларды тіркейтін электронды бақылау жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бастауыш және жоғары сынып оқушыларының бөлек блоктарда оқуы баланың жас ерекшеліктеріне қарай қауіпсіз әрі тыныш ортада білім алуына жағдай жасайды.
– Жаңа мектептің ашылуы қаладағы басқа оқу орындарына түсетін жүктемені азайтуға септік етті. Атап айтқанда, сол жағалаудағы №75 мектеп-гимназия мен №45 орта мектеп оқушылары бізге ауысты. Бүгінде мектебімізде бүгінгі күнде екі ауысымда 2690 оқушы білім алады. Оларға 185 педагог білім береді. Оның ішінде 4 педагог-шебер, 26 педагог-зерттеуші, 26 педагог-сарапшы бар. 1 үздік педагог, 5 «Ы. Алтынсарин төсбелгісінің» иегері, 1 «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» жұмыс істейді. Педагогтер оқушылармен «Салауатты тамақтану», «Толағай», «Түлектерден алғыс», «Мейірімді мектеп», «Сен және мен», «8-минуттық оқу», «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы», «SMART BALA», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы», «Еңбегі адал – жас өрен» жобалары бойынша жұмыс істейді, – дейді мектеп директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог модератор, 1 санатты басшы Нұртас Жағабаев.
Мектеп аумағында қауіпсіздік мәселесі жоғары деңгейде шешіліп, 219 бейнебақылау камерасы, оның ішінде 28-і сыртқы, 191-і ішкі жағына орнатылған. Кең дәліздер оқушылардың еркін қозғалуы үшін өте қолайлы. Жаңа модификациядағы кабинеттер заманауи техникамен жабдықталған, әсіресе химия, биология, физика, робототехника, STEM кабинеттері, «Дизайн және технология», «Тамақтану мәдениеті», «Бейнелеу өнері», «Графика және дизайн», «Үйдегі мәдениет», 94 оқу кабинеттері бар. Әр оқу кабинеттері жеке дербес компьютермен және принтерлермен жабдықталған, мектепте 89 интербелсенді панель орнатылған. 440 орынға арналған акт залы, 440 орынға арналған асхана, 50 орынға арналған кітапханада оқу залы, заманауи жабдықталған медициналық кабинет жұмыс істейді. Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған әр қабатта екеуден барлығы 10 арнайы дәретхана, 5 көтергіш, 1 лифт бар, дәліздерде сары тактильді жолақтар және арнайы жабдықталған екі кабинет ашылған. Қазір мектепте ерекше білімді қажет ететін 56, сонымен қоса үйден жеке оқытылатын 9 оқушы білім алуда. 2 үлкен, 2 кіші спорт залы, 1 хореография залы да спортпен айналысуға және дене шынықтыру сабақтарына өте ыңғайлы. Мұндай мектепте білім алған жастардың келешегі кемел, болашағы жарқын болары сөзсіз. Тек сол мүмкіндікті толық пайдаланып, уақыт барда сапалы білім алу ғана керек.
Райхан РАХМЕТОВА



