Басты ақпаратЕл тынысы

Кавказдан Қазақстанға төте жол

АҚШ президенті Дональд Трамптың жұма күні Армения мен Әзербайжан басшыларымен Ақ үйде кездесуі Оңтүстік Кавказ арқылы өтетін стратегиялық транзит дәлізіне қатысты АҚШ-қа ерекше даму құқығын қамтитын бейбітшілік жөніндегі негіздемелік келісімге қол қоюмен аяқталды. Бұл келісім Ресеймен, Еуропамен, Түркиямен және Иранмен шектесетін, мұнай-газ құбырлары кесіп өтетін, бірақ жабық шекаралар мен ұзаққа созылған этникалық жанжалдарға бөлінген энергия өндіруші Оңтүстік Кавказ өңірін түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Тарихи бетбұрыс

АҚШ-тың бастамасымен жүзеге асқан маңызды геосаяси қадамның бірі ретінде Әзербайжан президенті мен Армения премьер-министрі 2025 жылы 8 тамызда Вашингтонда тарихи кездесу өткізді. Көп жылдар бойы шие­ленісіп келген Қарабақ және шекара дауларына қарамастан, екі ел басшылары бір үстел басына отырып, бейбіт келісім жасауға уағдаласқан декларацияға қол қойды, сондай-ақ Зангезур дәлізінің болашағына қатысты түбегейлі шешімге келді. Бұл оқиғаны Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев «Оңтүстік Кавказды дамыту мен ондағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы тарихи қадам» деп бағаласа, Армения премьер-­министрі Никол Пашинян «Бұл – тарихи оқиға. Елдеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығы аясында бейбітшілік орнады деп айта аламыз» деді. Ал Ақ үй бұл келісімді Камбоджа мен Таиланд арасындағы атысты тоқтатуға, Руанда мен Конго Демократиялық Республикасы, сондай-ақ Пәкістан мен Үндістан арасындағы бейбіт келісімдерге қол жеткізгеннен кейінгі тағы бір табысты қадам деп санайды. Ең маңыздысы, кездесу барысында АҚШ ұсынған TRIPP (Trump Route for International Peace and Prosperity) – Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы жобасы аясында келісімшартқа қол қойылды. Келісімге сәйкес, Армения Зангезур дәлізін дамыту және пайдалану құқығын АҚШ-қа 99 жылға жалға беруге келісті.

Дүйім жұртқа жол ашқан дәліз

Шарт бойынша АҚШ-тың арнайы құрылған халықаралық консорциумы дәліз бойында заманауи темір жол, мұнай-газ құбырларын, талшықты-оптикалық байланыс желілерін және логистика тораптарын салады. Сонымен қатар барлық инфрақұрылымның басқару, техникалық қызмет көрсету және қауіпсіздікті қамтамасыз ету функциялары да осы консорциумға жүктеледі.

Зангезур дәлізі – Оңтүстік Кавказдағы стратегиялық маңызды инфрақұрылым жобасы. Ол Әзербайжанның негізгі бөлігі мен оның Нахичеван Автономиялық Республикасы арасын Арменияның Сюник (Зангезур) облысы арқылы жалғастырады. Дәліздің ұзындығы 43 шақырымды құрайды. Бұл маршрут Еуропа мен Орталық Азия арасындағы транзит байланысын айтарлықтай қысқартады және шығынды төмендетеді. Сондай-ақ бұл дәліз – «Орта дәліз» (Middle corridor) транспорт желісінің ажырамас бөлігі. Ол Қытай мен Еуропаны Ресей мен Иранды айналып өтетін бағытта байланыстырып, логистика мүмкіндігін кеңейтеді.

Bloomberg басылымының жазуынша, Зангезур дәлізі ашылса, Еуропа мен Азия арасындағы жүк тасымалдау уақытын 12-15 күнге азайтуға болады. Бұл – қазіргі бар бағыттардан әлдеқайда тиімді болады деген сөз.

Oxford Economics-тің есептеуінше, дәліздің ашылуы жыл сайын компанияларға логистика тұрғысынан 20-30 млрд доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.

Байланыс және сараптама орталығының мәліметінше, Зангезур дәлізінің ашылуы Әзербайжанға үлкен мүмкіндік болмақ. Баку бір жылда экспорт көлемін 700 млн долларға арттыра алмақ. Баку бұл бағытты энергия көздерін тасымалдау үшін де қолданбақ. Әзербайжан мен Еуропа газ жөнінде келісім жасасты. Келісім бойынша Баку 2023 жылы Еуропаға 12 млрд куб метр газ жеткізді. Ал 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 20 млрд-қа арттыруы тиіс. ЕО-мен жасалған келісімшартта солай жазылған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл келісімнің геосаяси салмағы орасан зор:

Біріншіден, дәліздің бақылауы АҚШ-тың қолына өтуі Ресей мен Иранның өңірдегі ықпалын айтарлықтай әлсіретеді.

Екіншіден, Вашингтон бұл қадам арқылы Оңтүстік Кавказда өз қатысуын күшейтіп, жаңа өңірлік тепе-теңдік орнатуға мүмкіндік алады.

Үшіншіден, жоба табысты жүзеге асса, Кавказдағы сауда жолдары мен транзит желілері жаңа деңгейге көтеріледі, бұл тек Әзербайжан мен Арменияға емес, Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға да елеулі пайда әкелмек.

Қазақстанға ашылған қайырлы қақпа

Қазақстан Әзербайжан бағыты арқылы көбірек мұнай тасымалдау­ға ниетті. 2022 жылы Ресей аумағы арқылы өтетін КТК құбырында ­(Каспий құбыр желісі консорциумы) 4 мәрте мәселе туындады. Құбыр­да жөндеу жұмысы көбейіп, оқыс оқиғалар саны күрт артты. Қазақстан мұнайды басқа бағыттар арқылы да тасымалдауды арттыру жолдарын іздеді. Сол бағыттардың бірі – Транс­каспий бағыты. 2022 жылдан бері Қазақстан Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдауды 6 есеге ұлғайтты. Зангезур дәлізі іске қосылған жағдайда, Қазақстаннан Еуропаға немесе Түркияға бағытталған жүк ағымы Ресей аумағын айналып өтіп, әлдеқайда қысқа әрі қауіпсіз жолмен жетеді.

Жүк тасымалы уақыты мен шығынын қысқартады. Қазіргі ­Каспий арқылы Баку – Тбилиси – Карс бағытына қосылатын тасымалға кететін уақыт орта есеппен 12-14 күн болса, Зангезур дәлізі ашылған соң, бұл мерзім 7-8 күнге дейін қысқаруы мүмкін. Сондай-ақ бұл қазақстандық экспорттаушыларға тасымал құнын 20-25% азайтуға мүмкіндік береді.

Каспий – Кавказ – Түркия бағытында жаңа транзит торабы. Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары Зангезур дәлізі арқылы өтетін жүктер үшін негізгі теңіз қақпасына айналады. Бұл порттардағы жүк айналымын арттырады, логистика орталықтары мен қойма инфрақұрылымына инвестиция тартады.

Түркі әлемі интеграциясын күшейтеді. Зангезур дәлізі Түркия мен Әзербайжанды тікелей байланыс­тырады, ал Қазақстан осы екі елмен Түркі мемлекеттері ұйымы аясында одақтас. Бұл дәліз ортақ энергетика және көлік жобаларын жандандырады, түркі әлеміндегі экономикалық кеңістікті нығайтады.

Энергетикалық транзит мүмкіндіктері артады. Дәліз тек жүк пен жолаушы тасымалына ғана емес, мұнай-газ және электр қуатын жеткізуге де қызмет етеді. Қазақстан болашақта Каспий мұнайын осы дәліз арқылы Түркия және Жерорта теңізі нарығына шығара алады. Талшықты-оптикалық кабель тарту арқылы Қазақстанның халықаралық интернет арналарындағы жылдамдығы мен тұрақтылығы артады.

Геосаяси тұрғыдан әртараптандырады. Зангезур дәлізі Қазақстан үшін Ресей мен Иран бағыттарына балама коридор қалыптас­тырады. Бұл логистикалық тәуелділікті азайтады, сыртқы саясатта маневр жасау мүмкіндігін кеңейтеді, инвестициялық тартымдылықты арттырады.

Жаңа жұмыс орындары және аймақтық дамуға тиімді. Дәлізге қызмет көрсететін логистика орталықтары, теміржол және порт инфра­құрылымы жаңа жұмыс орындарын ашып, Маңғыстау және Атырау өңірлерінің экономикалық белсенділігін арттырады.

Қарсылық та жоқ емес

Бастысы, қазір ЕО елдері Ресейдің газынан бас тартып, орнына балама іздеуде. Еуропа Әзербайжан және Түрікменстаннан газ алуға, ал Қазақстаннан мұнай алуға мүдделі екенін айтты. Бұл Зангезур дәлізінің маңызын арттыра түспек. Себебі энергия көздерін тасымалдау тек құбыр арқылы емес, жүк көліктері арқылы да дайын өнім күйінде ұсынылмақ. Алайда Зангезур дәлізінің ашылуына түбегейлі қарсы тараптар да бар. Иран – Армениямен де, Әзербайжанмен де шектесетін ел – келісім аясында қарастырылған транзит дәлізін құруға бұрыннан қарсы. Дәліз ашылса, Иранның транзиттік потенциалы 30 пайызға азаймақ. Түркия жыл сайын орта есеппен Иран аумағы арқылы 45 мың жүк көлігін Орталық Азияға жібереді. Алайда дәліз ашылған сәтте, бұл көрсеткіш еселеп азаймақ. Иран генералы Я.Джавани И.Әлиев пен Н.Пашинянның АҚШ, Британия және НАТО-ны Оңтүстік Кавказға тартуын үлкен қателік деп бағалады. Ол мұны Зеленскийдің НАТО-ға сенген қадамынан да ауыр деп санайды. Джавани АҚШ-қа 99 жылдық бақылау беретін келісімді сынап, Иранның Зангезур дәлізінің ашылуына жол бермейтінін айтты. Сонымен қатар Ресейдің Еуропаға сататын энергия көздері азайып, 10 жылда 30 млрд доллар жоғалтпақ. Дәліз ашылған сәтте, Кремльдің Кавказдағы ықпалы азая түседі.

Трамп әкімшілігі бұл көлік дәлізін Оңтүстік Кавказдағы стратегиялық мүмкіндік ретінде ақпан айының соңында-ақ анықтаған. Келесі аптада дәлізді қай америкалық ұйымдар басқаратыны бойынша ресми келіссөздер басталады. Қазірдің өзінде 9 үміткерден, оның ішінде АҚШ-тағы 3 оператордан ұсыныс түскен. Ақ үйдің хабарлауынша, дәліз TRIPP (Trump Route for International Peace and Prosperity – Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы – «Трамп дәлізі») деп аталады.

P.S: АҚШ-тың 99 жылға жалға алған Зангезур дәлізі – тек Кавказдың ғана емес, Орталық Азияның да транзиттік картасын түбегейлі өзгертуге қабілетті жоба. Қазақстан үшін бұл – тасымал шығынын азайтып, экспорт мүмкіндігін кеңейту, түркі әлемімен интеграцияны тереңдету және геосаяси әртараптану жолындағы ірі мүмкіндік.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button