Калима сомдаған кейіпкерлер

Музыкалық жас көрермен театрының әйгілі «Гауһартас» қойылымындағы Ана бейнесі үйдің күйбең тірлігімен жүрген, қазақ ауылының егде жастағы қарапайым әйелі ретінде есте. Театр кіл жастардан құралғанын білсем де, осы образды сомдайтын актрисаны кекселеу әйел ме деп ойлаппын. Сөйтсем, рөлін жоғары деңгейде алып шыққан Калима Наушабаева жас актриса екен. Ол өткен жылдың соңында театрішілік «MTUZ-FEST-2025» І театр қойылымдары фестивалінде осы Ана образы үшін «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша марапатталды.

Театр деген тылсым әлемде өмір сүру – бәріне бірдей беріле бермейтін ерекше тағдыр. Осы жолға, жалпы өнер жолына түсетінін туған қаласы Ақтауда жүргенде 7 жасында анық шешіп қойған Калима бала кезінен әншілікті серік еткен.

Сол арман жетегімен ол алдымен Маңғыстау өнер колледжінде қобыз аспабын меңгеріп, 2011- 2015 жылдары Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясынан «актер» мамандығын театр тарланы Болат Атабаевтың кезінде алып шығады. Кураторы қазіргі ұжым директоры Асхат Маемиров, мұғалімі Гүлнар Бекенқызы болған Калима театрға қадам басар алдында осындай мықты мектептен өтті.
Еңбек жолын Ақтаудағы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау драма театрында бастап, 7 жыл сонда актерлік қабілетін шыңдады. Киелі сахнадағы алғашқы рөлі «Перзентхана» қойылымындағы Венера Айтбаева есімді акушер-гинеколог образы болды. Бұл қойылыммен театр ұжымы Түрікменстанның астанасы Ашхабадқа барып өнер көрсетті. Ал Астанаға 2022 жылы келген ол бүгінгі ұжымы – Астана қаласының Музыкалық жас көрермен театрына сол жылы 2 қарашада жұмысқа алынды. Бүгінде екінші үйіне айналған театрдағы оның алғашқы рөлі – «Гаухартастағы» Ана бейнесі.

– Бұл образды екінші пландағы рөл болса да сахнаға алып шығып, көрермен жүрегіне жеткізу қиын болды, оған, әрине, жас айырмашылығы себеп, дауысты төменге түсіріп, «грудноймен» сөйлеуге тура келді. Жалпы жүріс-тұрысы, еркелеткені, сөйлегені – барлық әрекетін келтіру оңай болмады. Дегенмен өзім нағашы әжемнің қолында өсіп, қасында көп жүргендіктен, егде жастағы ана рөлін сомдауда соның бейнесі маған көмекке келді. Оның көп іс-қимылын қарап, еске түсіріп, сөйлегені, еркелеткенін қарап отырып Ана образын жасап шығардым. Бірақ қойылымдағы Ананың жүрісі әжемдікіндей емес, оны өзім ойлап таптым. Театрда артымыздан жас буын актерлер легі келіп, біз үлкен буын болып қалдық. Сондықтан көбіне егде жастағы рөлдер беріледі. Бірақ қатып қалған ештеңе жоқ, қандай рөл берілсе де үлкен ізденіспен, терең толғаныспен, кейіпкерді зерттей отырып, сахнаға жоғары деңгейде алып шығуға барымызды саламыз, – дейді актриса.

Бұл театрда Калиманың осындай дайындықпен шығарған он шақты рөлі бар. «Қоштасқым келмейді»-де – Бейтаныс әйел, «Chanel №5»-те – Александра, «Шәмшіде» – Р.Бағланова, «Шоқ қыздарда» – Флоренс, «Сылаң қызда» – Айсұлу, «Қар ханшайымында» Атаман рөлдерін сомдап, өте салмақты және жауапты образдарды сахналап жүр. Соның ішінде оның жанына ең жақыны әрі театрдағы алғашқы рөлі – Ана бейнесі. Актерлер өмірі тек театрмен шектелмей, кино әлемінде де өзін танытуға бүгінде мүмкіндік мол. Киноға түсу үшін студент кезінен бастап кастингтерге барғанмен, осыдан 10 жылдай бұрын киноға Калима сияқты көзі жасыл, шашы сары қыздарды көп ала қоймайтын. Қара көзді, қара шашты актрисаларға сұраныс қатты болды. Ал қазір керісінше Калима сияқты актрисалардың келбетіне қызығушылық басым.

Сөйтіп ол сол сұраныстың және актерлік қабілетінің арқасында бірнеше киноға түсті. Оның ішінде «Сен маған керексің» атты кинода басты рөлді ойнады. Одан бөлек, «Жедел жәрдем 2», «Патруль», «Біздің ағай» деген кинолар мен сериалдарда эпизодтарға түсті. Ал негізгі жұмысы – Музыкалық жас көрермен театрындағы күн сайынғы жұмысы таңертең 1-2 сағат хорға, екінші күні «тренажға» қатысумен басталып, одан әрі жаңа қойылым болса соның «читкасына» бару, болмаса басқа да күн сайынғы қойылымдардың дайындығымен өтеді.
– Өнер жолына оны жақсы көрсең ғана келесің, бұл жолда сен көп ақша табам деп күтпейсің, бастысы, өнерің халықтың көңілінен шықса – сол табыс. Актрисалық өнерде жетістікке жету үшін көп ізденіс керек, ойнағаның режиссерге ұнауы, сөзің мен ісің сәйкес болуы қажет, халыққа да түсінікті болып, сомдаған дүниең көрермен жүрегіне жетсе – сонда еңбегіңнің жанғаны. Менің өмірімде бүгінгі еңбек ететін театрымның орны бөлек. Мұнда билеп жүріп ән айтады, ән айтып жүріп билейді. Өзі жас театр, энергетикасы, атмосферасы бөлек, бәрі өнерлі шетінен. Бұл театрға тектен-текке келген жоқпын, ұнаған соң, талғамы бөлек болғаны үшін келдім. Сүйікті театрыммен бірген биіктерді бағындырғым келеді, – дейді Калима Наушабаева.

Райхан РАХМЕТОВА



