
Елордадағы сауда желілерінің өкілдеріне елдегі Конституциялық реформаларды түсіндіру жиыны өткізілді. Іс-шараға спикер ретінде Астана қалалық мәслихатының депутаты Ләззат Разбекова қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Депутат алдымен Ата заңдағы бизнес саласына қатысты баптардың қалай жетілдірілгеніне тоқталды.
-Мәселен, 5-бапты алып қарасақ, қазіргі және жаңа жобадағы Конституцияда айырмашылық бар. Салықтық өзгерістерге қатысты көбіңізде сұрақ бар, осы ретте жаңа Конституция бизнес қоғамдастыққа Халық кеңесі қызметін ұсынады. Бизнес өкілдерінің Халық кеңесі арқылы Салық кодексіне өзгерістер енгізуге толық мүмкіндігі бар деп жазылған, — деді Л. Разбекова.
Сонымен бірге ол мемлекеттік билік деңгейінде қандай өзгерістер болатыны туралы баяндады.
-Бірінші кезекте Парламент, Төменгі палата, Жоғары палата, мәжіліс, сенат, барлығы бір Парламент болады. Демек билік бір ғана институттың немесе Президенттің қолында шоғырланбайды. Билік Президент, Парламент, Үкімет және Сот, осы төрт тарапқа бөлінеді де, олар бір-бірін тежеп, бәсекелес орта қалыптасады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелінің азаюына септік етеді. Ал бұрын бізде бір ғана мықты Президенттік жүйе ғана болды. Бұрын заң шығарушы орган тек Парламент болса, жаңа жоба бойынша екеу болады, бірі — Құрылтай, екіншісі — Халық кеңесі, — деді депутат.
Конституциялық комиссияға 10 мыңға жуық сауал келгенін жеткізген мәслихат депутаты соның 90 пайызы мемлекеттік тілге қатысты болғанын айтты. Осылайша ол жаңа Конституция жобасындағы 9-баптың мән-мағынасын кәсіпкерлерге түсіндіріп, ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәртебесі қашан да жоғары тұратынын, өзіне сенімді ұлт, әрбір азамат ана тілінің беделін түсірмеуде өзі үлгі көрсетуі керек екенін атап айтты.
Райхан Рахметова



