Инклюзивті мәдениет мәселелері талқыланды

Кеше Amanat партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Отырыс барысында аталмыш кеңестің өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, жаңа құрамы бекітілді. Инклюзивті мәдениет мәселелері, соның ішінде елордада тұратын ерекше қажеттілігі бар өнерпаздардың қазіргі жағдайы және оларды қолдаудың жаңа тетіктері талқыланды.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Amanat партиясы Астана қалалық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі, аталмыш кеңес төрағасының орынбасары Әбдіғани Бәзілханұлы осы кеңес жұмысының мақсат-міндеттерімен, отырыстарды өткізу жиілігімен жаңа құрамымен таныстырды.
Кеңестің өткен жылғы жұмысының қорытындысына кеңес төрағасы Серікзат Дүйсенғазы толығырақ тоқталды. Оның айтуынша, былтыр төрт отырыс өткізілді. Сонда жалпы 10 мәселе көтеріліп, Тілдерді дамыту және архив ісі, Мәдениет басқармалары басшыларының баяндамалары тыңдалды. Кеңес мүшелерінен 12 ұсыныс түсіп, соның негізінде құзырлы мекемелерге хаттар жолданды.
Көтерілген мәселелердің қатарында жаңа салынып жатқан тұрғын үй кешендеріне қазақша атау беру мәселесі Астана қаласы Қоғамдық кеңесі отырысына шығарылды. Композиторлар одағының Астана қалалық филиалының ғимараты жоқтығы мәселесі көтеріліп, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ғимаратынан оның төрағасына қызметтік бөлме берілді.
Кеңестің көшпелі отырыстарының бірі елордадағы №103 жайлы мектепте өтіп, осы оқу орнында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы атында сынып ашу ұсынысын қалалық Білім басқармасы қолдады. Жалпы басқа мемлекеттік органдарға жолданған хаттарға қанағаттанарлық жауаптар берілді. Былтырғы отырыстардың бірінде кеңес төрағасы Серікзат Дүйсенғазы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының автотұрағын мемлекет меншігіне қайтару мәселесін көтеріп, қала басшысының қабылдауында болды. Сондай-ақ Серікзат Мақсұтұлы «Мыңжылдық аллеясы» мәселесін де көтерген еді. Бұл мәселелер бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Инклюзивті мәдениет мәселелері бойынша қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ақерке Жұманбаева баяндама жасады. Осыдан бес жыл бұрын қала әкімдігінің қолдауымен елорданың «Жастар» театрының жанынан «Қанаттылар» инклюзивті театры ашылды. 2024 жылдың аяғында осы өнер ошағы «Жастардан» жеке-дара бөлініп шықты. Бірақ қазір «Қанаттылар» «Жастар» театрының ғимаратында әлі отыр. Сондықтан инклюзивті театр үшін ең өзекті ғимарат мәселесі болып тұр. Бұл театрдың жағдайымен толығырақ өнер ошағы директорының орынбасары Мәдина Қалмұратқызы мен театр қызметкері Раушанбек Дастан таныстырды.
Кеңес мүшелері сұрақтар мен ұсыныстарын жеткізді. Amanat партиясы Астана қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мария Өтебаева отырысты қорытындылап, инклюзивті мәдениетті дамытудың мән-маңызы жөнінде әңгімеледі.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



