Гиннесс кітабына лайықты

Бүгінде 75-тің белесіне көтеріліп отырған белгілі спорт журналисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, бұл күндері елорда тұрғынына айналған Оңдасын Елубай ағамыз екеуміз жерлеспіз. Шығыстың бір түкпіріндегі Зайсан ауданының түлегіміз.
Атын сырттай естіп жүргеніммен, Оңқаңмен жақын таныстығым осыдан 38 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне Зайсан ауданы бойынша меншікті тілші болып орналасқан кезімде басталды. Ағамыз бұл кезде Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіріп келіп, газеттің өнеркәсіп және құрылыс бөлімінің меңгерушісі, редколлегия мүшесі болып қызмет істеп жүр екен, мақалаларды көсілтіп жиі жазатын. Содан көп өтпей 1990 жылдың сәуірінде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып, өсіп кетті. Мен де көп өтпей меншікті тілшіліктен облыстық газет редакциясына ауысып, Өскемен қаласына көшіп келдім. Екеуміз қаланың көрнекті жерінен салынған, ұлы Ертіс өзенінің жағалауына жақын орналасқан жақсы үйдің екі кіреберісінде көрші тұрдық. Біраз іссапарға да бірге шықтық. Облыстық әкімшіліктен ағамызға бекітілген қызмет бабындағы «Волга» машинасы бар, көбінесе сонымен шығамыз. Сонда бір байқағаным, Оңдасын ағамыз қай ортада болмасын өзін еркін ұстайды. Республикалық бас басылымның меншікті тілшісі ретінде өзін көрсете біледі. Кейде облыстағы атақты металлургия комбинаттарының, өнеркәсіп орындарының басшылары басқосқан отырыстарда тоқалайсып қалған кезімізде, былайда көкірегіне нан пісіп әдеттенген ұлы халықтың өкілдерінің өзі Оңқаңның батылдығы мен мысынан тайсақтап, артық-ауыс кете алмай отыратынын, Оңқаңның оларды журналист ретінде сөзбен ығыстырып тастайтынын байқап қалдым.
Жалпы Оңқаңның бойында адамды тәнті ететін, кейде тіпті таңдандырып тастайтын қасиет көп. Соның бірі – жазуды өте шапшаң жазатыны, екіншісі – бас басылымның облыстағы меншікті тілшісі бола жүріп, өзінің қызмет істеп тұрған кезінде халықаралық дүбірі жер жарған спорт жарыстарының ешқайсысынан қалмағаны, әсіресе, әлемдік Олимпиадалар мен чемпионаттарды құр жібермегені. Мұндай жерден Оңқаңды тоқтату қиын. Өйткені жолдама болмаған жағдайдың өзінде, өз қалтасындағы қаржысын шығарса да барады. Афина Олимпиадасына өзінің су жаңа «Шоха» көлігін сатып барғанын көпшілік біледі. Барып қана қоймай, айналасы 2-3 айдың ішінде олардың әрқайсысы туралы жеке кітап жазып, оны бастырып та үлгереді. Сондықтан Оңқаңның басқа еңбектерін былай қойғанда, тек спорт тақырыбына арналған 20-дан астам кітабы бар. Бұл жағынан ағамызды Гиннесстің рекордтар кітабына енгізуге әбден болады.
Оңдасын ағамыздың тағы бір тамаша қасиеті – жасы 75-ке келсе де, ешуақытта тыным таппайтын тынымсыздығы. Осы қасиетінің арқасында, Астанаға көшіп келгеніне 2,5 жыл болса да, осында ширек ғасырдай уақыт тұрып жатқан менен гөрі қаланың сырлары мен жаңалықтарын жақсы біліп отыратыны. «Бауырым-ау, анау Қатаркөлдегі тамаша шипажайға зейнеткерлерге өте арзан жеңілдікті бағамен жолдама береді екен. Жақында жеңгең екеуміз барып келдік. Соған неге бармайсың келінді алып?!» дейді. «Жақсы, барайын» деп қоямын. Тағы бір кездескенде «Осында Семей полигонынан зардап шегушілерді тегін емдейтін жақсы госпиталь бар екен. Жеңгең екеуміз сонда жатып, асықпай ем қабылдап шықтық. «Семей полигонынан зардап шегуші куәлігі» сенде де бар ғой. Ал осындай госпитальдің барын білуші ме едің?» деп сұрайды. Білмейтінімді мойындауға тура келеді. «Ендеше мен сені ертіп барайын» дейді. «Жақсы!» деймін. Сол «жақсымен» 2 жылдан бері келе жатырмын.
Менің түрім осындай болғандықтан, ілесуге оншама жарай бермейтіндіктен, Астанаға келгеніне 2-3 жыл болған ағамның іші пысып кетер ме еді, егер өзіміздің Зайсаннан өңірдің атақты шежірешісі, халқымызға танымал сөзжұмбақшы әрі абайтанушы (тек қана Абай атамызға арналған 8 сөзжұмбақ кітабын шығарған) бұл күндері 80-нің сеңгіріне көтеріліп отырған ағамыз Қалибек Алтыбаев көшіп келмегенде. Бұл ағамыз да Алла берген денсаулықтың арқасында үйде босқа жатпай, Астананың академиялық кітапханасына барып, күн сайын кітап кеміреді. Осы кітапханада 2-3 рет оқырманмен жүздесу өткізіп үлгерді. Оның үстіне тоғызқұмалақтан жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды еншілеуде. Жақында Қалибек ағамыздың құрметіне өзі секілді қоғамдық тұрғыдан белсенді азаматтар арнайы іс-шара өткізіп, оған қала әкімдігінен арнайы адамдар қатысқан екен, Оңдасын ағамыз бұл шараның да басы-қасында болып, шара барысынан фоторепортаж жүргізіп, біраз жерге таратты. Былайша айтқанда, тыныш жата алмайтын типтік екі зайсандықтың Арқа төрі – Астанада бас қосып, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып жатуы өте қуанарлық жағдай ғой. Қайнап жатқан Астананың өзі де осындай белсенді, білімді адамдарымен көрікті емес пе?!
Оңдасын ағамыздың қаншама құрлықтар мен елдерді кезіп, спорт жарыстарына қатысуының соңынан із қалды. Олардың барлығы үлкен-үлкен кітаптарға ұласып, спорт жанкүйерлері мен оқырмандардың сүйіп оқитын игілігіне айналды. Тізе берсек жетерлік. «Шымыр келер шығыстың ұл-қыздары», «Алтайым – алтын тамырым», «Аялайық Алтайды», «Жанарымда жасыл құрлық», «Ежелгі Эллада елінде», «Дүниені дүбірлеткен жеті дода», «Айшылық алысқа алты сапар», «Турин тағылымы», «Күлімдеген күншығыс елінде», «Париж-Сидней: саңлақтар самғауы», «Өмірді суретпен өрнектеп», «Алатауды дүбірлеткен он бір күн», «Алашты асқақтатқан Азиада», «Жеңіс жалауын желбіреткен жетеу» және тағы басқа… Осы кітаптардың бірнешеуі орыс тіліне де аударылғанын білеміз. Міне, осылардың барлығы нәтижелі өмірдің белгісі емес пе?!
Оңдасын Елубай – көп жылғы журналистік еңбегі лайықты бағасын алып келе жатқан есімі елге белгілі қаламгер. Соның айғағындай ол мемлекеттік марапат – «Құрмет» орденінің, Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасының, онға тарта төсбелгінің иегері, Өскемен қаласы мен Зайсан ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстанның құрметті спорт қызметкері.
Ағамыздың үлгілі отбасының отағасы екенін де айта кеткеніміз жөн болар. Құдай қосқан жары Жүрсін жеңгеміз – ұлағатты ұстаз. Қыздары Райхан мен Әсем – білікті маман. Оңдасын мен Жүрсін – бүгінде шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
– Астана күн сайын құлпырып келеді. Сонау 1997 жылдың күзінде «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшілерін сол кездегі облыс әкімі Жәнібек Кәрібжанов еліміздің астанасы болуға дайындалып жатқан Ақмолаға жинап, қаланы аралатты, біраз кәсіпорынға апарды. Қала шағын, көріксіздеу екен, ескі үйлерден көз сүрінеді. Ал қазір ше? Еліміздің бас қаласы адам танымастай өзгеріпті. Келешекте де Астана өсіп-өркендей бермек, – дейді жанкешті спорт шежірешісі.
– Мерейтойыңызға не сый тартасыз? – деген сауалымызға:
– Жақында «Алматы-Болашақ» баспасынан менің «Көзден кетсе де…» деген жаңа кітабым жарық көрді. Ол кітапта Жақсылық Үшкемпіров, атақты сумошы Самат Рамазанов, экстракласты төреші Түсіпхан Сайханов, есімі елге белгілі өзге де азаматтар туралы естеліктер бар. Ал келесі фотоальбом кітабына өзім қатысып, куә болған спорт саңлақтарының жеңісті сәттерін бейнелейтін суреттер енген, – дейді Оңдасын ағамыз.
Жасай беріңіз, жаза беріңіз, аға!
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Ақпарат саласының үздігі