Гендерлік теңдік –тұрақтылық факторы

Гендерлік теңдік – бұл тек әділеттілік көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар қоғамның даму тұрақтылығының маңызды факторы. Соңғы жылдары бұл саладағы жұмыстар қарқын ала түсті. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайту, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жолында белсенді шаралар қабылдауда.
Заманауи қоғамда әйелдер бір қарағанда кәсіби даму жолында айқын бір құқықтық немесе институционалдық кедергілермен ұшыраспайтындай көрінеді. Алайда шынайы өмірде бәрі күрделірек, әйелдердің өзін-өзі дамыту жолындағы қадамы жақындары тарапынан үнемі қолдау таба қоймайды. Туыстары оның мансап қуу, табысқа жету жолындағы арман-тілегін түсіне қоймауы мүмкін. Әйелге үнемі отбасындағы берекені сақтау немесе өзінің жеке мақсаттарына жету жолына түсу бойынша таңдау жасауға тура келеді. Осы ретте ол көбіне отбасындағы тыныштық, үйлесім үшін жеке жұмыстарын шектейді. Көптеген әйел сол үшін басшылық қызметтерден бас тартып, анағұрлым ыңғайлы, неғұрлым күйзеліске аз түсіретін оңай жұмыстарды саналы түрде таңдайды. Көбіне өзінің жұмыс кестесін реттей алатындай үкіметтік емес секторға кетіп, жеке бизнесін ашуға тырысады. Бұл таңдау оның арман-мақсатының жоқтығын емес, керісінше, отбасындағы міндеттері мен кәсіби өсу жолы арасында теңгерімді сақтауға тырысатынын көрсетеді.
Мемлекет пен жеке компаниялар тарапынан әйелдерді қолдау туралы айтқанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мен мансаптық өсуі, әлеуметтік қолдауға ие болуына бағытталған қоғамдық бірлестіктер мен бастамалардың маңызын атап өтпеске болмайды. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, Әйелдер күштері альянсы, Іскер әйелдер кеңестері, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары – бұл құрылымдардың бәрі әйелдердің кәсіби тұрғыда дамып, ниеттестер табуына, өз бизнесін құруына көмектесе отырып, өзін дамытуына ықпал етеді. Сонымен қатар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау бағдарламалары, түрлі жеңілдікті және гранттық бағдарламалар да әйелдердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Болашақ ұрпақ тәрбиесі көбіне анаға, әйелге байланысты, ол балаларының мінез-құлқы және айналамен қарым-қатынасының негізін қалайды. Ана баласын қандай ой мен ұстаным арқылы тәрбиелесе, соған қарай ұл-қызы еркін, жауапты және табысты тұлға болып шығады немесе керісінше тәрбие алады. Сондықтан қоғамда әйелдің білімі мен тәрбиесінің, дамуының маңызы зор.
Гендерлік теңдік әйел мен ерлердің арасындағы күрес емес, салт-дәстүрді жоққа шығару және отбасын бұзу да емес. Бұл – тең мүмкіндіктер, өзара сыйластық, әр адамның жынысына қарамай, өз әлеуетін талқыға түсуден қорықпай-ақ жүзеге асыра алуы. Қоғам осы ұғымдардың шынайы мағынасын түсінбейінше, олардың дамуы заң тарапынан емес, ел ішінде сіңіп кеткен ескі ұстанымдардан болатын кедергілерге тап бола береді.
Назгүл МАҚЖАН,
Астана қаласы әйелдер істері және отбасы-демография
саясаты жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары