Ел тынысы

ЕҰУ әскери кафедрасының 300 түлегі ант қабылдады

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әскери кафедраның 300 түлегі әскери ант қабылдады. Салтанатты шара 68665 әскери бөлімінің сап алаңында ұйымдастырылды. Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаментінің өкілдері, университет басшылығы, кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай құттықтау сөзінде: «Бүгін Еуразия ұлттық университеті үшін ерекше күн, тарихи сәт. Себебі біздің жастар отан алдында, Қазақстан Республикасының қастерлі халқының алдында ант беріп, адал қызмет етуге серттесті. Бұл – жас ұрпақтың елге деген сүйіспеншілігі мен адалдығының айқын дәлелі», – деді.
Әскери кафедраның бастығы, генерал-майор Еділ Оразов өз сөзінде:

«Қорытынды емтихандарда сіздер жоғары деңгейдегі дайындықтарыңызды, алған білімдеріңіздің мықтылығын көрсеттіңіздер. Бүгін әскери ант қабылдай отырып, сіздер шынайы Отан қорғаушылар қатарына қосылдыңыздар. Осы мәртебелі атаққа лайық болып, Қазақстанның дамуы мен өркендеуі жолында адал еңбек етіңіздер», – деп атап өтті.

ЕҰУ әскери кафедрасында студенттер 11 әскери-есептік мамандық бойынша даярланады. 2025 жылы оқу бағдарламасы жаңа сын-қатерлерге сай жетілдірілді. Мәселен, болашақ барлаушылар негізгі күш құрамынан бөлек, дербес әскери іс-қимылдарды жүргізуге үйретілді. Әсіресе жылдамдық пен үйлесімділікке, заманауи байланыс құралдарына, ұшқышсыз ұшу аппараттарына және заманауи тактиканың басқа да элементтеріне ерекше көңіл бөлінді. Ал болашақ әскери журналистер тактикалық, техникалық және саптық дайындықтан бөлек, цифрлық дәуірдегі ақпараттық қарсы іс-қимылдың әдістерін меңгерді. Әскери кафедраны тәмамдаған түлектерге «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі. Осылайша студенттер негізгі мамандығымен қатар екінші (әскери) мамандыққа да ие болады. Салтанатты шара аясында үздік студенттер марапатталды. Оның ішінде 70 студент (60 жігіт, 10 қыз) Алғыс хатпен, 239 студент Мақтау грамотасымен марапатталды.

Іс-шара 68665 әскери бөлімінің Құрметті қарауыл ротасының саптық көрсетілімімен және барлау бөлімшелері әскери қызметшілерінің қолданбалы ұрыс тәсілдерін көрсетуімен жалғасты. Мерекелік бағдарламаның қорытынды бөлігінде ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі солистері өнер көрсетті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button