Еттің бағасы шарықтап барады. Неге?

Қазақстан – мал шаруашылығына қолайлы, ет өндіруде айтарлықтай әлеуеті бар мемлекет. Дегенмен соңғы жылдары халықтың азық-түлік шығындары ішінде ет пен ет өнімдерінің бағасы үнемі қымбаттап келеді. Әсіресе, 2025 жылдың басында ет бағасы тағы да айтарлықтай өсті. Сиыр етінің бағасы Астанадағы ет дүкендерінде 4500 теңгеге дейін шарықтады. Яғни, сиыр еті бір айда 1,8 %, ал бір жылда 19 % қымбаттаған. Ел бойынша бір келі сиыр етінің орташа бағасы қазір 3 200 теңге болып тұр. Алдағы уақытта сиыр етінің бағасы 5000 теңгеге жетуі мүмкін деген болжам да жиі айтылып жүр.
Соңғы жылдары қуаңшылық, жем-шөптің қымбаттауы, сондай-ақ экспорттық сұраныстың артуы Қазақстандағы ет бағасына айтарлықтай әсер етті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың маусымында ет пен ет өнімдерінің бағасы өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 11,3 % қымбаттаған. Атап айтқанда, сиыр етінің бағасы 16,9 % және қой еті 16,1 % өскен. Бұл жағдай халықтың тұрмысына ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де әсер етуде.
Мал шаруашылығы шығынының негізгі бөлігі жем-шөпке тиесілі. Соңғы жылдары электр мен жанар-жағармайдың бағасының өсуіне ілесіп, мал азығының құны да бірнеше есеге өсті. Бір телешке шөптің бағасы кей өңірлерде 70-80 мыңға дейін көтерілсе, ораулы шөптің бағасы 8-10 мың теңгеге жетті. Бұл шағын шаруа қожалықтарына ғана емес, ауылдағы мал ұстайтын қарапайым халықтың да қалтасына ауыр салмақ.
Кейінгі жылдары көршілес Өзбекстан сияқты елдердің етке болған сұранысы артып, Қазақстаннан тірі мал да импорттай бастады. Яғни, Тәжікстан мен Өзбекстан, Қытай тарапынан етке сұраныстың көбеюі де – бағаның өсуіндегі басты факторлардың бірі. Биыл сәуір айында Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде «Қазақстан ет одағы» бірлестігінің басқарма төрағасы Мақсұт Бақтыбаев тірі мал экспортына қойылған тыйымның салдары елде етті қымбаттатып жібергенін алға тартқан болатын.
– 2010 жылдан бастап, ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданып, субсидия мен кредит ретінде триллиондаған қаржы бөлінді. Сырттан асыл тұқымды мал әкелініп, бордақылау алаңдары салынды. Осының арқасында Өзбекстан мен Қытайдың, Иранның нарығын өзімізге аша алдық. 2019 жылы 240 мың ірі қара, 15 мың тонна сиыр етін экспорттаған едік. Дәл осы жылы мал экспортына тыйым енгізілді. Бұған сиыр етінің 2 есеге жуық қымбаттағаны себеп болды. Бірақ кейін ет бағасымен бірге малдың саны түсті. Өйткені 8 млн ірі қараға ішкі нарығымыз тым тар болды. Салдарынан демпинг басталды. Малдың тірі салмағын килограмына 1500-1600 теңгеден сатып ала бастады. Бұл өзіндік құнынан 20 пайыз төмен еді. 4-5 жыл бойы осылай болды. Осы аралықты фермерлер 2 млн басты пышаққа жықты. Өйткені өзіндік құнын ақтамайтын малды ұстаудың шығыны көп болды. Жұмысшыларға айлық, банктерге несие төлеу үшін малды тиімсіз бағамен сатуға мәжбүр болды, – деді одақ басшысы.
Әрине, сыртқы нарықтағы баға ішкі нарыққа қарағанда жоғары болғандықтан, өндірушілер етті алдымен экспортқа бағыттайды. Бұл жағдай шаруаларға тиімді болғанымен, ішкі нарықтағы ұсыныстың азаюына, сәйкесінше бағаның көтерілуіне ықпал етті. Сонымен қатар, экономикалық инфляция, жанармай бағасының қымбаттауы, тасымал шығындарының өсуі де еттің түпкілікті бағасына әсер етті.
Ет бағасының өсуі қарапайым халықтың тұрмысына тікелей әсер етуде. Бірқатар өңірде отбасылар етті бұрынғыдай күнделікті тұтынудан гөрі мереке-мәзірге ғана қолдануға көшкен. Кейбір зерттеулер бойынша, қазақстандық отбасылардың етке жұмсайтын шығыны табысының 30%-ына дейін жетеді. Елімізде 2025 жылдың бірінші тоқсанында орташа жан басына шаққандағы ет тұтыну 20,6 кг-ға жетті. Бұл былтырғыға қарағанда 1,7% артық. Яғни, халықтың етке деген сұранысы әлі де жоғары. Мәселен, 2025 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтар ет пен ет өнімдеріне орташа есеппен 157 900 теңге жұмсаған, бұл бір жыл бұрынғы кезеңге қарағанда 9,5 % жоғары.
Баға әр өңірде әртүрлі. Мәселен, Шымкентте өсім – 34,3% болса, Ұлытау өңірінде баға – 27,6%, Ақмола облысында – 26,5%. Салыстырмалы түрде айтқанда, арзан баға – Атырау облысы мен Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда. Онда да еттің өсу құны 10%-дан астам.
– Сиыр етінің келісін 3500 теңгеден сатып жатырмыз. Бізге келу бағасы да жоғары. 3300-3350 теңгеден, тіпті, 3400 теңгеден де аламыз. Еттің сапасына байланысты баға да өзгереді. Астана қаласы бойынша ең арзан баға да осы базарда. Ет дүкендерінде 4500 мыңға дейін саудаланып жатыр, – дейді Шапағат базарында ет сататын Балқия Мұстафина.
Бірақ базарда еттің бағасы 3000 теңгенің үстінде болғанымен, ауылдардағы қарапайым халық семіз құнажын, дөнежін сиырларының етін 2700, 2800 теңгеден әзер сатады. Ауылдағы сол арзан ет қалаға келгенде неге бір есе қымбаттап кететіні түсініксіз?!
Қазақ – ежелден мал өсіріп, етпен елді асыраған жұрт. Даласы малға жайлы, жері кең-байтақ. Бірақ соңғы жылдары осы артықшылығымыздың өзінен айырылып бара жатқандаймыз. Қуаңшылықтың қайталануы, жем-шөптің қымбаттауы, инфляция мен жанар-жағармай құнының өсуі – бәрі қосылып, қарапайым халықтың қазанындағы етті азайтып жіберді. Бүгінгі таңда елордадағы ет дүкендерінде сиыр еті 4 500 теңгеге дейін көтерілді. Мұндай қымбатшылық ауылдағы мал иесіне де, қаладағы тұтынушыға да оңай соқпай тұр. Кезінде ішкі нарықты толық қамтуға шамасы жететін Қазақстан қазір сыртқы сұранысқа көбірек қарап отыр. Ал ішкі нарықта еттің азаюы – бағаның өсуіне, халық тұрмысының қиындауына әкеліп отыр.
– Қазір Үкімет тарапынан ет бағасын тұрақтандыруға қатысты ешқандай икемді саясат жоқ. Мал бағушыларға жеңілдетілген несиелер де берілмей жатыр. Осыдан бұрын «50 миллиард ақша бөлінеді» деген ақпарат тараған, бірақ ол әлі күнге дейін атқарылған жоқ. Берсе де, оны алудың шарты да оңай болмауы мүмкін. Яғни 1,5 миллиард несие алу үшін кемінде 1 миллиард теңгенің кепілін қою керек. Оған жұрттың бәрінің шамасы келмейді ғой. Ал мал экспортына шектеу қойылғанымен, Өзбекстаннан келген делдалдар ауылдарды аралап жүріп мал жинап, заңсыз жолмен шекарадан өткізіп әкетіп жатыр. Бұл да бағаға әсер етеді, – дейді «Қазақстан ет одағы» бірлестігінің атқарушы директоры Асхар Жубатыров.
Ет – қазақтың ғана емес, Қазақстанда тұратын әрбір жанның дастарханынан үзілмейтін негізгі ас. Сондықтан жем-шөп өндірісін қолдау, экспорт пен ішкі нарық арасындағы тепе-теңдікті сақтау, фермерлерді қорғау – бүгінгі күннің ең өзекті міндеті. Әйтпесе, ертең еттің бағасы 5 мыңға емес, одан да асып кетуі ғажап емес. «Ет – ердің асы, елдің ырысы» дейді қазақ. Ырысымызды қолдан шығарып алмау – бәрімізге ортақ міндет.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ