Эстония Ұлттық музейімен бірлескен көрме ашылды

Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде Эстония Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырылған «Қолмен өрілген қолғап сыры» атты көрме ашылды. Іс-шара Эстония Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті. Көрме эстон қолғап тоқу дәстүріне арналды. Қолғап Эстонияның ұлттық мәдениетінің маңызды бөлігі саналады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Салтанатты іс-шараға Эстония Президенті Алар Карис пен оның жұбайы Сирье Карис, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, эстон делегациясы, дипломатиялық корпус пен екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты. Карис мырза құттықтау сөзінде көрменің ұйымдастырушыларына алғыс білдірді.

Іс-шара барысында Аида Балаева бірлескен көрме мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, қолөнер, музей ісі саласында жаңа бірлескен жобаларға жол ашатынына сенім білдірді.
Экспозицияда Орта ғасырлардағы үлгілерден бастап, бүгінгі заманауи бұйымдар көшірмелері қойылған. Олардағы әрбір өрнек пен қолданылған түс өз дәуірі мен аймақтық ерекшеліктерінен сыр шертеді. Көрмеде Эстон ұлттық музейінің түпнұсқа коллекцияларына сүйене отырып, Тарту университетінің Вильянди мәдениет академиясымен бірлесіп жасалған жұмыстар қойылған.
Көшпелі көрме бұған дейін бірнеше Еуропа елінде өткен. Атап айтсақ, Мажарстан, Нидерланды, Франция, Бельгия, Болгария, Грекия және Эстонияда көрсетіліп, ал бүгін Қазақстанда ұсынылды.
Жоба аясында Эстон ұлттық музейі әзірлеген білім беру бағдарламасы да қарастырылған.
Қатысушылар қолғап өрнектерінің мән-мағынасымен танысып, дәстүрлі ою-өрнекке шығармашылық тұрғыдан интерпретация жасау мүмкіндігіне ие болады.
Көрме 2025 жылғы 28 желтоқсанға дейін жалғасады.



