Ерен еңбек туралы жыр

Белгілі ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Тұрдығали Мәмбетовтің 100 жылдығына орай «Жалғыз қол» атты поэмасы кітап болып жарық көрді.
Туындының бас кейіпкері – Қазақ КСР-ның ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер, Отан үшін от кешіп, бейбіт өмірде еңбек даңқына бөленген Тұрдығали Мәмбетов. Кітапта оның өнегелі өмір жолы, еңбектегі ерен үлгісі, кісілік парасаты мен қарапайым адамгершілік қасиеттері, жастарға өсиеті баяндалған.
Алғысөзін Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов жазып, бұл нағыз еңбек адамының бейнесін танытқан шығарма екенін атап өтті. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Курск доғасындағы қанды шайқаста бір қолынан айырылып, елге оралған Тұрдығали Оңдасұлы мүгедекпін деп отырмай, «Коммунизм таңы» совхозының директоры болды. Жалпы Атырау облысы Жылыой өңірінің экономикасы мен мәдениетінің, халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне сүбелі үлес қосты. Бұған автор Маржан Ершу «Жұлдызды ғұмыр» кітабынан қанығып, поэма жазуға бел буды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бір жақсы бастама болды. Адамды адам еткен еңбек емес пе?! Халқымыз «Еңбек ер атандырады» деп бекерге айтпаса керек. Еңбек адамының ерен тұлғасы жырлануы керек деп ойла дым» дейді ол. Содан соң Тұлғаның ұрпақтарына хабарласып, соған рұқсат сұрады. Мақұлданғаннан кейін оларға оқытып, ризашылықтары мен алғысын алды.
Автордың айтуынша, Тұрдығали Мәмбетов совхоз директоры болған кезде кітапхана мен мәдениет үйін салдырды. Алайда бұл нысандар қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары сүріліп кетті. Жақында сол ауылда жаңадан мәдениет үйінің іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталды. Маржан Ершу осы нысанға Тұрдығали Мәмбетовтің есімі берілуі керек деп есептейді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, сонда жасалған іс те, атқарылған қызмет те, тәлімді тәрбие де, ата-бабаның рухы да ұрпақтар көшімен алға қарай жалғаса береді» дейді поэма авторы.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



