Басты ақпаратҚоғам

Еңбегімен еленген

Адал еңбегімен еленіп, табысқа жеткен адамдар қашанда қадірлі. Өз мамандығының қыры мен сырын жетік меңгеріп, көптің ортасында құрметке бөленген осындай жандардың бірі – ТМД-ның және Қазақстанның құрметті энергетигі, астаналық еңбек ардагері Жанат Ғазизұлы Бейбітов.

1950 жылы 19 маусымда Ақмола облысы Алексеевка елді мекенінде, қазіргі Ақкөл қаласында дүниеге келген ­Жанат Ғазизұлының балалық шағы Бес­төбе ауылында өтіп, осындағы орта мектепті бітіргеннен кейін ол жұмысты оқумен ұштас­тыра жүріп, 1967 жылдан 1970 жылға дейін «Каззолото» КБК құрылыс-монтаж басқармасында электрик болып жұмыс істеді және сонымен бірге Щучье политехникалық техникумының кешкі бөлімінде электромеханик мамандығы бойынша оқыды. Әкесі Ғазиз Бейбітов – соғыс ардагері, партия қызметкері болса, анасы Саржан – батыр ана, 10 құрсақ көтерген тыл еңбеккері еді.

Отбасының үлкені, іні-қарындастарына қамқоршы бола білген Жанат Бейбітов 1970 жылы Қазақ политехникалық институтына түсіп, тау-кен инженері біліктілігін алып шығады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Кеңес Армиясының қатарында қызмет етіп, елге оралған соң бар өмірін энергетика саласында еңбек етуге арнайды. 1978 жылдан бастап Степногор электр желілері кәсіпорнында, ал 1979 жылдан бастап теңіз АЭЖ-да учаске шеберінен басшылық лауазымдарға дейінгі жолдан өтеді. 1987 жылы Целиноград электр желілері кәсіпорнына ауыстырылып, онда материалдық-техникалық жабдықтау бөлімін басқарады. 2001 жылы кәсіпорын қайта құрылғаннан кейін «АЭҮК» АҚ (Ақмола Электржелілік Тарату компаниясы) жұмысын жалғастырып, зейнеткерлікке шыққанға дейін осы мекемеде ОМТС бастығы қызметін атқарады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз – «бұл ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын. Жанат Ғазизұлы дәл осындай азаматтардың қатарынан. Еңбекқорлық – қазіргі заманда бізге аса қажет құндылық екенін ол жақсы біледі. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік, ал табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібіңнің шебері болу және ерінбей еңбек ету екенін терең түсінген жан бізбен әңгіме барысында жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі дей келе, ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиістігін алға тартты.

– Кез келген жұмысқа жауапкершілікпен қарауды жастайымыздан ата-анамыз бойымызға сіңірді. Кейін мектепте, одан соң жоғары оқу орнында ұстаздарымыздан әр іске асқан шыдам мен табандылықтың, кәсіби біліктіліктің қажет екенін үйрендік. Отыз жылдан астам бір салада қызмет ете жүріп, адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын ұқтым. Меніңше, әрбір адам өз жұмысына адал болып, бастаған ісін соңына дейін жеткізуі керек. Қай мамандықтың да оңайы жоқ, қиындық кез келген салада болады. Тек төзімділік пен сабырлылық таныту қажет. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге болмайды. Осы уақыт аралығында ұққаным, адамдардың алғысынан асқан марапат жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Қарапайым еңбек адамы қашанда құрметке лайық. Сондықтан қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды, – деді еңбек ардагері.

Қызмет еткен жылдары Жанат Ғазизұлы бірнеше рет Құрмет грамоталарына, алғыс хаттар мен наградаларға ие болды. 2000 жылы облыс әкімінің ГОЭЛРО жоспары мен энергетика күнінің 80 жылдығына арналған Алғыс хатымен және 2001 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай құттықтау қағазымен марапатталды. 2007 жылы компанияға заманауи жабдықтарды үздіксіз жеткізу жүйесін енгізгені және саланы дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Қазақстанның құрметті энергетигі» құрметті атағын алып, 2010 жылы ТМД Электр энергетикалық кеңесінің шешімімен оған ТМД кеңістігінде энергетикалық интеграцияны дамытуға қосқан үлесі үшін «ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі» атағы беріледі. 2011 жылы тәжірибелі маманның өмірі мен кәсіби жолы туралы мәліметтер «Үздік адамдар» үлкен халықаралық энциклопедиясына енгізіледі.

Бүгінде зайыбы, филология ғылымдарының докторы, профессор Күлпаш Дайрабайқызы екеуі өсіріп-тәрбиелеген қос қызғалдағынан алты жиен немере сүйіп, солардың қуанышына сүйсініп ғұмыр кешуде. Отыз жылдан астам бір ғана салада тер төгіп, кәсібін сүйіп, ісіне адалдық танытқан, инфрақұрылымды дамытуға және энергетикалық жүйені қалыптастыруға үлес қосқан Жанат Бейбітов жақында «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл да болса қарапайым еңбек адамының көп жылғы маңдай терінің текке кетпегені,  еңбегінің еленгені.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button