Елордалық студенттер топ жарды

Қазақстанның ұлттық құрамасы Данияда өткен IX Еуропалық кәсіби шеберлік чемпионатында EuroSkills Herning 2025 жарысында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Тарихта алғаш рет қазақстандық студенттер бірден 7 «Үздік медальон» иеленді.
Чемпионатқа 32 елден 25 жасқа дейінгі 600 үздік жас маман қатысты. Қазақстандық колледж студенттері 25 құзырет бойынша бақ сынады. Олардың қатарында веб-технологиялар, мехатроника, CAD инженерлік графикасы, желілік әкімшілендіру, графикалық дизайн, дәнекерлеу технологиясы, мейрамхана сервисі, кондитерлік іс, автомеханика және басқа да бағыттар бар.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама бірқатар бағыттар бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, веб-технологиялар бойынша Астана қаласындағы ASTANA POLYTECHNIC жоғары колледжінің студенті Мұхаметжан Ағыбай Қазақстанның Best of Nation – «Үздік өкілі» атанса, мехатроника бағыты бойынша топтық жұмыста Артем Мочинский (Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен жоғары политехникалық колледжі) және Данил Турапин (Астана қаласы, Жоғары политехникалық колледж) жоғары нәтиже көрсетіп, өз кәсіби шеберліктерін дәлелдеді, сондай-ақ графикалық дизайн құзыреті бойынша Ақтөбе қаласындағы Жоғары политехникалық колледждің студенті Бағыжан Қойшыбаев, желілік және жүйелік әкімшілендіру санаты бойынша топтық жұмыс нәтижесінде Астана қаласындағы Жоғары политехникалық колледждің түлегі Данил Лапенко мен Қостанай облысындағы Автомобиль көлігі колледжінің түлегі Глеб Сауленко, ал CAD инженерлік дизайн бағыты бойынша Атырау облысындағы С.Мұқашев атындағы политехникалық жоғары колледжінің студенті Бақдәулет Қуаныш жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ұлттық құраманың кәсіби даярлығы мен бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетті.
Ұлттық құраманы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеңісімен құттықтады.
Бұл EuroSkills – WorldSkills қозғалысы аясында өткізілетін Еуропадағы ең ірі жас мамандар чемпионаты. Оның басты мақсаты – кадрларды даярлау саласындағы заманауи стандарттар мен жетістіктерді көрсету. Биылғы чемпионат Солтүстік Еуропадағы ең ірі көрме орталықтарының бірі MCH Messecenter Herning алаңында өтті.