Қоғам

Елордалық Өнер мектебі түлектерінің көрмесі өтуде

ҚР ПІБ Президенттік орталығында Астана қаласы әкімдігінің Тәттімбет атындағы № 1 өнер мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстарынан тұратын «Тамыр. Түлек. Тұлға» атты көрмесі ашылды. Көрме балалар шығармашылығын дамытуға және қолдауға бағытталған «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Туған өлкем» республикалық бағдарламасы жас таланттарды анықтауға және республиканың қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын насихаттауға бағытталған. Бағдарлама жүзеге асырылған кезеңде Семей, Павлодар, Екібастұз, Шымкент, Қарағанды, Шахтинск және Көкшетау қалаларындағы көркемсурет мектептері түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмелері көпшілік назарына ұсынылды.

Жоба балаларға өз елінің тарихын, мәдениетін, дәстүрін жаңа қырынан тануға, шығармашылық қиялын дамытуға және көркемөнер арқылы өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Тамыр. Түлек. Тұлға» көрмесінде түрлі жанрдағы және техникадағы (акварель, майлы бояу, гуашь, пастель, аппликация, коллаж және т.б.) 70-тен астам туындылар ұсынылады. Жас суретшілердің еңбектерінде туған өлкесінің тарихи орындары мен Қазақстанның күнделікті өмірі, табиғаты мен мәдени мұрасы бейнеленген.
«Бұл көрме – көпжылдық білім алудың жай ғана қорытындысы емес, талант, еңбек пен шабыттың суретшінің тұлға ретінде қалыптасуына қалай ықпал ететінінің айқын дәлелі.Ұсынылған әрбір картина – автордың ішкі жан дүниесін, қоршаған ортаға, тарихқа, мәдениетке және адамға деген көзқарасын бейнелейтін дербес көркем ой-толғам. Бұл жұмыстардан батылдықты, шынайылықты, өзіндік көркем тілін іздеуді және өзін-өзі танытуға деген үлкен ұмтылысты көреміз. Балалар шығармашылығын дамытуға арналған «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы еліміздің мәдени әлеуетін сақтау мен арттыруда аса маңызды рөл атқарады», – деді ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Астана қаласы әкімдігінің Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебі 1983 жылы құрылған. Бүгінгі уақытта өнер мектебінде 800 оқушы білімдерін алып жатыр, 6 бөлім жұмыс істейді: Қазақ ұлттық аспаптар бөлімі; Аспаптар бөлімі; Вокал бөлімі; Көркемөнер бөлімі; Хореография бөлімі; Театр бөлімі.

Іс-шара барысында Астана қаласы әкімдігінің №1 Тәттімбет атындағы өнер мектебінің директоры, Алмас Сүлейменов, сондай-ақ Педагог-суретшілердің халықаралық одағының басқарма мүшесі, «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Гүлзия Исенова ҚР Президенттік орталығының қызметкерлеріне көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Мектептің педагогтері мен мен білім алушылары «Академиялық ұтқырлық» жобасы аясындағы келесідей аймақтық-қалалық деңгейдегі конкурстарға: «Қазақтың 100 әні», «Абыз домбыра», Тәттімбет атындағы күйшілер байқауы, «Музыка әлемі» байқауы, Карл Черни атындағы қалалық этюдтер байқауы, «Өнерге ғашық жас өрен» сурет байқауы, «Ашық сахна» театр байқауы, Музыкалық-теориялық пәндер бойынша «Қазақ музыка әдебиеті» пәнінен олимпиада, «Fire dance» би байқауларына белсенді қатысып келеді.
Өнер мектебінің білім алушылары халықаралық байқаулардан 96 жүлделі орын, республикалық байқаулардан 178 жүлделі орын, қалалық байқаулардан 164 жүлделі орын, мектепішілік байқаулардан 107 жүлделі орынға ие болды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button