Руханият

Елордалық  5 мыңға жуық оқушы Абайдың әнін бірге орындады

Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай Астана қаласындағы №101 орта мектепте елордадағы 5000-ға жуық  оқушы «Желсіз түнде жарық ай» әнін бірге орындады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Рухани іс-шараның мақсаты – қазақстандықтарды Абай Құнанбайұлының мерейтойымен құттықтап, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау. Бұл іс-шараға елордадағы №17, 45, 59, 71, 78, 79, 87, 89, 90, 97, 99, 100, 101, 111 мектептерінің оқушылары, сондай-ақ №1 балалар музыка мектебі, Роза Бағланова атындағы №2 балалар музыка мектебі, Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебі, Тәттімбет атындағы №1 балалар өнер мектебі, №2 балалар өнер мектебі және Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының тәрбиеленушілері қатысып, ақынның танымал әнін асқақтата шырқады. Бес мыңға жуық оқушының бәрі «Абай-180» жыл деген жазуы бар футболка киіп, әнді орындап біткен кезде қолдарына ұстаған көк қағаздарды жоғары көтеру арқылы, жоғарыдан қарағанда көрінетіндей етіп, «Абай» деген жазуды шығарды.

Ақынның туған күнінде қолға алынған бұл іс-шара көптің көңілінен шығып,  әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Өскелең ұрпақтың орындауындағы әдемі ән кейінгі жастардың Абайды қазақтың ойшыл ақыны ғана емес, дарынды композиторы ретінде тани түсуіне септік етті.

Еске сала кетейік, 10 тамыз – ұлы қазақ ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының туған күні. Астанада ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар жыл басынан бері өткізілдi. Білім, мәдениет, спорт және басқа да салаларда 140-тан астам түрлі шара ұйымдастырылды.

Райхан Рахметова

Абай180жыл #Abai180

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button