Елордада – жаңа жыл

Астана тұрғындары мен қонақтарын Жаңа жыл мерекесіне орай ауқымды концерттік бағдарламалар күтіп тұр. 31 желтоқсан күні елорданың алты ауданында бір мезетте бірнеше алаңда қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік жаңа жылдық концерттер өтеді.
Атап айтқанда, Алматы ауданында – «Жерұйық» саябағында және «Железнодорожный» тұрғын алабында, Нұра ауданында – «Жағалау» скверінде және «Үркер» тұрғын алабында, Сарайшық ауданында – «Отау» және «Промышленный» тұрғын алаптарында мерекелік концерттік бағдарламалар сағат 12:00-ден бастап ұйымдастырылады.
Ал Байқоңыр ауданында – «Ататүрік» саябағында және «Өндіріс» тұрғын алабында, Есіл ауданында – «Бағыстан» тұрғын алабында, сондай-ақ Сарыарқа ауданында – «Қорғалжын» саябағында күндізгі жаңа жылдық бағдарламалар сағат 14:00-ден бастап өтеді.
Сонымен қатар, Жаңа жыл қарсаңында 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға дейін қаланың үш нүктесінде түнгі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. 31 желтоқсан күні сағат 21:00-ден бастап «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңда, EXPO аумағында, сондай-ақ қалалық алаңда (әкімдік алдында) қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа жылдық концерттер өтеді.
Аталған іс-шараларға отандық эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Еркеш Хасен, Маржан Арапбаева, Сәкен Майғазиев, Қазыбек Құрайыш, Серік Ибрагимов, Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота Керімбекова, «Меломен», «Бәйтерек» топтары және басқа да әртістер қатысады.



