«Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды

Астана қаласында 6-сынып оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелудің басталуына орай баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Олимпиада жетінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «El Umiti» корпоративтік қорының бірлесуімен ұйымдастырылып келеді.
Баспасөз конференциясына:
— «El Umiti» корпоративтік қорының басқарушы директоры Гүлім Жусупова;
— Жоба жетекшісі Абылайхан Қайроллаев;
— Олимпиаданың 2023 жылғы жеңімпазы Жанель Тукенова;
— 2025 жылғы жеңімпаздың анасы Ардақ Бермұратқызы қатысып, сөз сөйледі.
«El Umiti» корпоративтік қорының басқарушы директоры Гүлім Жусупова «Алты жыл ішінде олимпиадаға 800 мыңнан астам ауыл оқушысы қатысты. Бұл — жобаның қоғам үшін маңызын көрсететін нақты көрсеткіш. Бүгінде 1800-ден астам жеңімпаз мамандандырылған мектептерде білім алып жатыр, ал алғашқы түлектер жоғары оқу орындарына түсіп үлгерді» деді өз сөзінде.
Жобаның миссиясы – ауыл мектептерінде білім алатын оқушылар үшін әлеуметтік лифт қалыптастыру.
Мақсаты – сапалы білімді қолжетімді ету және дарынды балаларға жаңа мүмкіндіктер ашу.
Алты жылда 6000 оқушы жеңімпаз атанып, 1800-ден астамы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білім алып жатыр.
2025 жылы олимпиаданың алғашқы 145 түлегі мектепті аяқтап, жоғары оқу орындарына оқуға түсті.
Олимпиаданың 2023 жылғы жеңімпазы Жанель Тукенова: «Білім ол – күш. Сондықтан мен жаңа мектепте оқу бойынша қиындықтар болса да, табандылық таныттым. Қазір ағылшын пәнінен, ғылыми жобалардан облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпазымын».
Олимпиадаға қатысу тегін. Биыл тіркелу 20 ақпан мен 20 наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында өтіп жатыр.
Олимпиада екі кезеңнен тұрады:
І кезең (1–15 сәуір) – логикалық және кеңістіктік ойлау бойынша онлайн тестілеу. Ең жоғары нәтиже көрсеткен 5000 оқушы ІІ кезеңге жолдама алады.
ІІ кезең (28–30 сәуір) – математикалық сауаттылық, қазақ тілі (қазақ сыныптары үшін), орыс тілі (орыс сыныптары үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша офлайн тестілеу.
Жеңімпаздар Республикалық физика-математика, «Білім-Инновация», «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейлерінде білім алу мүмкіндігіне ие болады.



